
Үстіміздегі жылдың 23 сәуірінде әл-Кувейт қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Кувейт Мемлекеті Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелерін визалардан өзара босату туралы келісімге қол қойылды.
Құжатқа Қазақстан Елшісі Алмас Абдраманов пен Кувейт Сыртқы істер министрінің орынбасары Халед әл-Джаралла қол қойды.
Екі мемлекет арасында қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Кувейт байланыстарының одан әрі табысты дамуының негізі болып табылады.
2014 жылдың күзінен әл-Кувейтте Қазақстан Республикасының Елшілігі жұмыс істесе, 2015 жылдың қаңтарынан Кувейт Мемлекетінің Астанадағы Елшілігі өз есігін ашты.
Қазақстан мен Кувейт БҰҰ, ИЫҰ және т.б. халықаралық ұйымдар шеңберінде, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде жемісті ынтымақтастық орнатқан. Кувейт Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ислами ұйымның жарғысын ратификациялаған алғашқы елдердің бірі.
Екі ел өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген шынайы үмітпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және тереңдетуге ұмтылады.