Одрэ Азуле: Қазақстан – ЮНЕСКО-ның маңызды серіктесі

Одрэ Азуле: Қазақстан – ЮНЕСКО-ның маңызды серіктесі

Париж, 2018 ж. 26 сәуір – Астананың бейбітшіл бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан лайықты қолдауды табуда, - деп санайды ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле. Бұл жөнінде ол Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, Франциядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Жан Ғалиевпен сенім құжаттарын табыстау рәсімінен кейін орын алған әңгіме барысында жеткізді.

«Мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету ұйымымыздың басты мақсаттарының бірі болып табылады, сондықтан ЮНЕСКО Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығын жариялауда Қазақстанның үлесін ерекше бағалайды», - деген О. Азуле еліміздің басшылығына ұйым қызметіндегі бірқатар негізгі бағыттар бойынша жобаларға қолдауы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

ЮНЕСКО Бас директоры дүниежүзілік мұра және материалдық емес мәдени мұра тізімдеріне, биосфералық резерваттар мен жаһандық геопарктар желілеріне, «Әлем естелігі» бағдарламасы аясындағы бірегей дереккөздер жиынтығына қазақстандық номинацияларды енгізу бойынша жүйелі жұмысты ерекше атап өтті. Аталған жетістіктердің елімізде экологиялық тұрғыдан жауапты ішкі және сырттан келушілер туризмін насихаттау үшін тиімді пайдаланудың маңыздылығына назар аударылды.

Өз кезегінде Елші О. Азулені ірі халықаралық ұйымның басындағы жауапты миссиясының басталуымен құттықтап, еліміздің ЮНЕСКО-ның биік қағидаттары мен құндылықтарына беріктігін ұдайы растайтынын атап өтті. Осы орайда тараптар Қазақстан мен аталған ұйым арасындағы ықпалдастықтың бірқатар өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

О. Азуле сонымен бірге елімізде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру барысынан, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі бағдарламасынан хабардар етілді. Тараптар Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының белсенді жұмысы мен 2017 ж. қарашада ұйымның Бас конференциясының шешімімен мақұлданған ЮНЕСКО қамқоршылығындағы Мәдениеттер жақындасуының халықаралық орталығының тез арада ашылуының маңызын атап өтті.

Кездесу соңында Ж. Ғалиев О. Азулені өзіне ыңғайлы мерзімде Қазақстанға сапар шегуге шақырды.

Естеріңізге сала кетсек, 1992 жылдың 22 мамырынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттардың білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымының (ЮНЕСКО) толыққанды мүшесі болып табылады. Беделді халықаралық ұйыммен ынтымақтастығымызды Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы үйлестіреді. Мемлекетіміз ұйым аясындағы 15 халықаралық конвенцияның тарапы болып табылады. Осы күнге дейін деректі мұраның «Әлем естелігі» халықаралық тізіміне – 3, Дүниежүзілік мұра тізіміне – 5, материалдық емес мәдени мұра тізіміне – 8, биосфералық резерваттар желісіне – 9, естелік даталар күнтізбесіне – 21 Қазақстан номинациялары енгізілді. Елімізде ЮНЕСКО-ның 6 кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі, 50-ден астам клубы, Ортаазиялық өңірлік гляциологиялық орталығы істейді. Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы өз қарарымен 2013-2022 жылдар мерзімін Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы етіп жариялады және ЮНЕСКО-ны тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты құрылым ретінде белгіледі