
2018 жылғы 24-25 сәуірде Брюссельде Еуропалық Одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымының тең төрағалығымен «Сирияның және аймақтың болашағына қолдау көрсету» атты 2-ші Брюссель конференциясы өтті. Іс-шараға 80-нен астам елдер мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді өкілдік етті.
Конференция екі негізгі мақсатты көздеді: біріншісі – ел ішінде және көрші елдерде баспана алған сириялықтарға гуманитарлық көмек көрсету, екіншісі – халықаралық қауымдастықтың БҰҰ қамқорлығымен Женевада келіссөздер жүргізу арқылы Сириядағы қақтығыс үшін саяси шешім табуды қолдайтынын растау.
М. Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан Сириядағы ұзаққа созылған қарулы қақтығыстарды және гуманитарлық апатты жою жөніндегі халықаралық күш-жігерді толық қолдайтынын атап өтті.
ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясатының жоғарғы өкілі Федерика Могерини, Ливанның Министрлер кеңесінің президенті Саад Харири, Түркияның вице Премьер-министрі Реджеп Акдаг, Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман Х. Сафафи конференцияны аша отырып, өз сөздерінде қақтығысты саяси жолмен шешудің аса қажеттілігі бар екендігімен келісті.
«Халықаралық қоғамдастық бірігіп, миллиондаған адамдарды күйзелткен қақтығыстың шешімін табуға уақыт келді» деп айтты БҰҰ-ның Сирия бойынша Арнайы өкілі Стаффан де Мистура. Оның айтуынша, Астана процесі Сириядағы деэскалация аймақтарын құруда маңызды рөл атқарды.
Бір жыл бұрын, Қазақстан Женевадағы келіссөздерді қолдау үшін Астанада өз алаңын ұсынып, 8 раунд келіссөздерді өткізді. Осы орайда қазақстандық дипломат Астанада қол жеткізген барлық келісімдер Женева процесін толықтыратынын және қақтығысты шешу бойынша оң әсерін тигізетінің атап өтті.
Сирия үкіметі және Сирия қарулы оппозициясының өкілдері келіссөздер үстеліне алғаш рет Астанада өткен кездесулер барысында отырды. Астана процесінің нәтижесі бойынша 4 деэскалация аймақтары, атысты тоқтату жөніндегі бақылау үшін механизмдер құрылды. Астана процесі пікір алмасу, келіссөздер жүргізу және жанжалды шешудің нақты қадамдарын әзірлеудің тиімді алаңы болды.
Сонымен бірге, М.Тілеуберді Қазақстан әрдайым бейбіт реттеуді қолдайды және бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.