Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 28 қыркүйегі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында «Елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы және Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік тілді ұлықтау шаралары» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба, ҚР СІМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (офлайн) және ҚР шет елдердегі мекемелерінің қызметкерлері (онлайн) қатысты.
Е. Әлімбаев ҚР СІМ жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша бірқатар нақты шаралар атқарылғанын, Мемлекеттік тіл саясаты басқармасы дербес құрылымдық бөлімше ретінде қайта жасақталып, Мемлекеттік тіл комиссиясы құрылғанын атап өтті.
«ҚР СІМ мемлекеттік тілді қолдану саласында алдыңғы шептен көрінуге тиіс орган. Себебі, халықаралық шаралардың негізгі ұйытқысы ретіндегі Министрлік мемлекеттің «айнасы» болып табылады», – деді ол.
Өз кезегінде, Ә. Қаба мемлекеттік органдардың қызметіндегі бірқатар оң үрдістерге тоқталып, іс жүргізуде мемлекеттік тілдің орнығуына белсенді атсалысып жүргендерінің тәжірибесін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол электрондық жүйелердің мемлекеттік тіл қолданысын кеңейтудегі жекелеген артықшылықтары мен жетілдіруді қажет ететін аспектілерін атап өтті. Тіл саясаты комитетінің төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің күнделікті жұмысы үшін пайдалы болуы мүмкін бірқатар электронды ресурстарды таныстырып, сонымен бірге ҚР СІМ терминологиялық тобының қызметіне оң баға берді.
Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік тілдің министрліктің жұмысындағы қолданысының кейбір түйіткілді мәселелерін көтеріп, талқыға салды. Жиын барысында берілген нақты ұсыныстар Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрліктері қызметтерінде ескеріліп, екі мекеме арасындағы осы саладағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум жобасына енгізілетін болады.