
АСТАНА, 2018 жылғы 18 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елордамызға XI Астана экономикалық форумына қатысу мақсатында делегациямен келген Хорватияның Экономика министрінің орынбасары Наташа Жигманмен келіссөздер жүргізді.
Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен энергетика саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға арналған Қазақстан мен Хорватияның үкіметтері арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қоюды құптады. Астана экономикалық форумы аясында құжатқа Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Хорватия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Тончи Станичич қол қойды. Келісім өзара мүдделілік туғызатын мәселелерді шешудің тиімді механизмі болып табылатын Қазақстан-Хорватия үкіметаралық комиссиясын құру үшін негіз болады.
Сонымен қатар, тараптар кездесу барысында көліктік-логистикалық және туризм саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін талқылады. 2017 жылы 316 миллион АҚШ долларын құраған өзара сауда-саттықтың оң динамикасы байқалуда, өткен жылмен салыстырғанда бұл сегіз есе жоғары көрсеткіш. Хорватия статистикалық деректеріне сәйкес 2017 жылы атлаған елге 3 мыңнан астам қазақстандық туристер барып қайтты.
Сондай-ақ, кездесуге қатысқан Т.Станичич осы жылдың күзінде Астана қаласында Хорватия үкіметінің дипломатиялық өкілдігін ашу ниетін растады.
«Хорватия Елшілігінің ашылуы Хорватия басшылығының Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытудағы саяси жігерін көрсетеді, бұл өз кезегінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және дамытуға мүмкіндік береді», - деді Р.Василенко.