Сыртқы істер министрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға барды

Сыртқы істер министрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға барды

АЛМАТЫ, 2018 жылғы 12 мамыр – Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды.

Халықаралық қатынастар факультетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесуінде сыртқы істер министрі Н.А. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан сыртқы саясатының негізгі басымдықтары туралы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің қызметін қоса алғанда халықаралық саясаттың үрдістері мен өзекті мәселелері туралы айтып шықты. Студенттерді сириялық реттеу, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша ахуал өрбуі, жаһандық қарусыздану үдерісі және Ауғанстанды қалпына келтіру мәселелері қызықтырды.

«Біздің еліміз Ауғанстанның тұрақты және қауіпсіз болуын көздейді. Қазақстанның қаражатына мектептер мен жолдар салынады, гуманитарлық көмек жыл сайын азық-түлік түрінде беріледі, қазақстандық жоғары оқу орындарында ауған студенттерін оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мысалы, жыл сайын Ауғанстаннан келген 200-ден астам адам ҚазҰУ студенттерінің қатарын толтырады», - деп атап өтті министр.

Дипломат сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейлерде жоғары сенім мен тату көршілікті ұстана отырып, әлемдік қоғамдастықтың елдерімен жан-жақты әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысының көреген және теңдестірілген саясатының арқасында біздің ел көршілерімен бейбітшілікте. Қазақстан аймақтық және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып, берік сауда-экономикалық қатынастарды дамытады», - деді министр.

ҚазҰУ-ға сапары барысында Қ. Әбдірахманов Сауд Арабиясындағы Совет Одағының тұңғыш елшісі, белгілі қазақстандық дипломат Нәзір Төрекұлов атындағы орталығын ашу салтанатына қатысты.

Сыртқы істер министрі сондай-ақ 1987 жылы өзі бітірген тарих факультетіне барып, профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. ҚазҰУ түлектері ортасынан біздің еліміз атынан шет елдерде өкілдік ету бойынша бұл маңызды лауазымдарына Президент Н.Ә. Назарбаев тағайындаған 20-дан астам ҚР Төтенше және Өкілетті Елшілері шықты.

Министр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа бітіріп шыққан альма-матерге барып келуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Университеттің халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жүзеге асырып жатқан жаһандық ғылыми-инновациялық жобалардың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

«ҚазҰУ жаһандық хаб және БҰҰ-мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жобалар шеңберінде атқарып жатқан жұмысы арқылы еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып отырған кезде Қазақстанның осы ұйымдағы рөлін ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосып отыр», - деп атап өтті министр.