
АЛМАТЫ, 2018 жылғы 23 мамыр - Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Халықаралық қатынастардың эволюциясы: ғаламдағы салқын леп» тақырыбындағы Еуразиялық медиа форумының бірінші пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде «Заманауи әлемдегі турбуленттік пен болжамсыздықтың артуы бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығын арттырды», - деп мәлімдеді.
Сыртқы саяси ведомство басшысы Қазақстанның ашықтығы ақпараттық кезең қиындықтарына төтеп беруге мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Қ. Әбдірахманов Еуразиялық медиа форум Қазақстанның әлемге ашық екендігінің жарқын көрінісі екендігіне ерекше назар аударды. 15 жылдық тарихы бар форум әлемнің көптеген елдерінің медиа-қоғамдастығы, саяси және сараптамалық топтарының өкілдері арасында қазіргі кездегі ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасудың бірегей алаңына айналды.
Сондай-ақ, әлемдегі үдерістердің жаһандық медиа нарығындағы елеулі өзгерістердің орын алуына ықпал еткендігі атап өтілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өсуде, журналистер қоғамдық пікірді қалыптастыру мен халықаралық оқиғалардың барысына әсер ететін қажетті құралдардың арсеналына ие.
Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір мемлекет ретінде халықаралық мәселелерді шешуге белсенді түрде қатысады. Осыған орай, Сыртқы істер министрі Сириядағы жағдайды реттеудегі Астана процесінің маңыздылығына ерекше назар аударды. Де-эскалация аймақтарында шиеленістің айтарлықтай төмендеуі Астанадағы келісімдердің нәтижесі болып табылады.