Қазақстан Сыртқы істер министрі британдық парламенті депутаттарымен кездесті

Қазақстан Сыртқы істер министрі британдық парламенті депутаттарымен кездесті

АСТАНА, 2018 жыл 31 мамыр – Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ұлыбритания Парламентіндегі Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық парламенттік топтың төрағасы Боб Стюарт бастаған делегациямен кездесті.

Тараптар қазақстандық-британдық парламентаралық байланыстардың ахуалын және даму болашағын, сондай-ақ 2013 жылы Астана мен Лондон арасында орнатылған стратегиялық әріптестіктің аясындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы әріптестікті одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты атай отырып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынына ризашылықтарын білдірді.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігін ескере отырып, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға ерекше назар аударды.

Ұлыбритания Парламентіндегі Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық парламенттік топтың төрағасы Боб Стюарт сапарды ұйымдастырғаны және жылы шырайлы қарсы алғаны үшін шын жүректен алғысын білдіре отырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында, сондай-ақ биыл 20 жылдығын атап отырған еліміздің елордасы Астана қаласының даму қарқынын атап өтті.

Үш күндік сапардың аясында британдық депутаттар тобы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің басшылығымен, қазақстандық партиялардың басшыларымен, іскерлік және академиялық топтармен кездесулер өткізді.