Қазақстан мен Польша жаңа технологиялар мен сандық жүйеге екпін бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кең ауқымда дамытуға ниетті -- Көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы жол картасына қол қойылды

Қазақстан мен Польша жаңа технологиялар мен сандық жүйеге екпін бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кең ауқымда дамытуға ниетті -- Көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы жол картасына қол қойылды

АСТАНА, 2018 жылғы 20 маусым – Тауар айналымын жылына бір миллиард долларға жеткізген Қазақстан мен Польша көлік және логистика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, туризм, ақпарат серіктестігі, сандық жүйе және Индустрия 4.0-ді дамыту салаларында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Польша Республикасы Кәсіпкерлік және технологиялар министрінің орынбасары Тадеуш Кощчинский төрағалығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы 8-ші отырысының қорытындысы бойынша мәлімдеді.

Р.Василенко комиссия отырысын аша отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы Варшаваға және 2017 жылғы Польша Президенті Анджей Дуданың Астанаға (ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Польша Ұлттық күніне және бизнес-форумға қатысты) мемлекеттік сапарлары соңғы жылдары екіжақты ынтымақтастыққа қуатты серпін бергенін атап өтті.

Тараптар Қазақстан-Польша комиссиясының 7-ші отырысы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылғанын ризашылықпен атап өтті.

Уағдаластықтардың нақты нәтижесі ретінде LOT Polish Airlines поляк әуекомпаниясы жүзеге асыратын, сондай-ақ сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосатын 2017 жылғы 29 мамырда Варшава-Астана арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы болды.

Сонымен қатар, тараптар 2017 жылдың қорытындысы бойынша бір миллиард доллар шамасындағы өзара тауар айналымының серпінді өсуін атап өтті.

Польшаның Қазақстанға тікелей инвестициясы 200 млн. доллардан асты. Қазіргі таңда Қазақстанда поляк капиталымен құрылған 200-ден астам компаниялар тіркелген. Олардың қатарында «Polpharma» және «Selena Group» сияқты танымал поляк брендтері бар.

2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан-Польша бизнес-форумы шеңберінде ресми ашылуы өткен Польшаның Инвестиция және сауда жөніндегі агенттігінің Астанада орналасуы құпталды.

Қазақстандық және поляк тараптары көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа, соның ішінде теміржол контейнерлік тасымалдауға, теміржол өнімдерін сертификаттауға, пилотсыз ұшу аппараттарын меңгеруде поляк тәжірибесіне, жол тасымалына маңызды назар аударды. Уағдаластықтардың нақты нәтижесі ретінде үкіметаралық комиссия шеңберінде Көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қою болды.

Сонымен қатар, тараптар елеулі әлеуетке ие білім саласындағы әрекеттестікті арттыруға өзара мүдделілік танытты. Қазіргі таңда Польшада 800-ге жуық қазақстандық студенттер білім алуда, осы ретте қазақстандық тарап 50 поляк грантын қазақстандық студенттерге бөлу туралы өтініш білдірді.

Бұған қоса, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі және Польшаның «РАР» Ақпарат агенттігі арасында ақпарат саласындағы серіктестік туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.

Қазақстандағы 34 мың поляк диаспорасын назарға ала отырып, тараптар ақпарат саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға, сондай-ақ «Kazakh TV» телеарнасы арқылы елдер туралы жедел ақпаратпен алмасуды жүзеге асыруға уағдаласты.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Астана мен Варшава арасында алдағы екі жылға арналған өзара әрекеттестіктің «жол картасы» ретінде белгіленген Қазақстан-Польша ҮАК 8-ші отырысының Хаттамасына қол қойылды.

Р.Василенко поляк делегациясын 2018 жылы атап өтілетін Польша тәуелсіздігінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, комиссияның поляк бөлігінің төрағасы Т.Кощчинскиге екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан оның үлесін тану белгісі ретінде «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл» медалін табыс етті.

Сонымен қатар, 2018 жылғы 19 маусымда Р.Василенко Қазақстанға сапармен келген Польшаның Ұлттық қауіпсіздік бюросының басшысы Павел Солохпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан-Польша қарым-қатынастарының жай-күйі мен даму перспективалары талқыланып, екі ел арасында қандай да бір проблемалардың жоқтығы және екіжақты іс-қимылды одан әрі кеңейтуқажеттілігі атап өтілді.

Халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерінің кең ауқымы, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жағымды үрдіс, Белдеу және Жол бастамасын жүзеге асыру бағытында мемлекеттердің әрекеттестігі бойынша нақты пікірлер алмасуы орын алды.