СІМ және БҰҰ ЕЭК Қазақстанның экономикасын жаңғырту бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді

СІМ және БҰҰ ЕЭК Қазақстанның экономикасын жаңғырту бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді

АСТАНА, 2018 жыл 22 маусым – Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Бонн бастамасы аясындағы орман ландшафтарын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық конференцияға қатысу үшін келген Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы (БҰҰ ЕЭК) Ольга Алгаеровамен кездесті. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесуді Астанада өткізу Қазақстанның орман ландшафтарын қалпына келтіру жөніндегі өңірлік және жаһандық күш-жігерді қолдайтынын көрсетеді.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы БҰҰ ЕЭК басшысына бірлескен жобаларды жүзеге асыруда елімізге көрсеткен дәйекті қолдауы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылысын растады.

Тараптар БҰҰ Орталық Азия елдеріне арналған арнайы бағдарламасында (СПЕКА) Қазақстанның биылғы жылы төрағалық ету мәселесін, сондай-ақ ү.ж 20-21 қыркүйекке Алматыда жоспарланған СПЕКА Басқарушы кеңесі мен экономикалық форумының күн тәртібін талқылады.

Қазақстан және оның әріптестері Орталық Азиядағы СПЕКА қызметін белсендіруге айрықша мән береді, өйткені бағдарлама өңірлік ынтымақтастық пен экономика саласында бірігудің катализаторы ретінде маңызды рөл атқара алады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында анықталған басым бағыттардың бірі Қазақстанның ресурстық әлеуетін елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру және «жасыл» технологияларға көшу арқылы одан әрі дамыту болып табылады.

Осыған байланысты Министр Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығы (ХЖТО, International Centre for Green Technologies and Investment Projects) қызметінің маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ ЕЭК-тің ХЖТО құруда көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК арасындағы су мәселесі бойынша белсенді ынтымақтастықты атай отырып, Қазақстан Су конвенциясының (Water Convention) тараптары кеңесінің сегізінші сессиясына (2018 жылы 10-12 қазан Астана қаласы) және су конвенциясына үш жылдық мерзімге төрағалық етуге (2019-2021 жж.) дайындығы бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар табиғи апаттар қаупін азайту және олардың зардаптарын еңсеруге назар аударудың маңыздылығын және іс жүзіндегі қадамдарды әзірлеу туралы пікірлерімен бөлісті.

Бұл мәселе ЕЭК-тің Орталық Азия елдерімен ынтымақтасу бағыттарының біріне айналуы мүмкін. 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Алматыда мемлекетаралық орган болып табылатын Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардың қаупін төмендету орталығы жұмыс істейтіні белгілі.

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы БҰҰ бес өңірлік комиссиясының бірі болып табылады. 1947 жылы БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі (ЭКОСОС) Еуропа өңірінің ішінде және одан тыс жерлерде экономикалық қызметті дамыту және экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында құрды. БҰҰ ЕЭК құрамына 56 ел кіреді. Қазақстан БҰҰ ЕЭК құрамына 1994 жылы 31 қаңтарда кірді.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК түрлі салаларда техникалық көмек көрсету жобаларын жүзеге асыруда. БҰҰ ЕЭК Қазақстандағы тұрғын үй мәселелері жөніндегі ұлттық сауалнамасы шеңберінде жұмыс жүргізілуде, онда Комиссия сарапшылары «Astana Smart District» жобасы бойынша техникалық көмек көрсетуде. Осындай жұмыс жол қозғалысы қауіпсіздігі және Қазақстан Республикасының көліктік-логистикалық жүйесін зерттеу бойынша жүргізілуде.

БҰҰ ЕЭК-нің Қазақстандағы сауда-саттыққа қатысты реттеуші және процедуралық кедергілерді жою бойынша жоба сәтті аяқталды, оның шеңберінде Қазақстанда қолданылатын тарифтік емес шаралардың деректер базасы әзірленді. Бұл деректер ашықтықты арттыру мақсатында ЮНКТАД сауда жөніндегі ақпараттық-аналитикалық жүйесінінің (TRAIN) деректер базасына енгізілетін болады.

Сауда процедураларын жеңілдету бойынша шараларды іске асыруда ұлттық әлеуетті күшейтуге және халықаралық сауда жүйесімен тиімді бірігуге бағытталған екі жоба іске асырылуда.