Қазақстан БҰҰ ҚК Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка жөніндегі пікірталасына қатысты

Қазақстан БҰҰ ҚК Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка жөніндегі пікірталасына қатысты

2018 жыл 26 маусым, Нью-Йорк - Қазақстандық делегация Қауіпсіздік Кеңесінің «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету: Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайды жан-жақты шолу» тақырыбындағы ашық пікірталасына қатысты. Отырыс Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Вершинин төрағалығымен өтті.

БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Таяу Шығыстағы қақтығыстардың Африка, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа және басқа да аймақтарға кері әсер етіп жатқанын атап өтті. «БҰҰ мүше мемлекеттері, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері және араб мемлекеттері – Израиль - Иран үштігі арасындағы анағұрлым жақындастыққа, ынтымақтастыққа қол жеткізу мен сенімділікті нығайту бұл мәселенің жалғыз оңтайлы шешімі болып табылады», - деп мәлімдеді қазақстандық дипломат.

Қазақстан делегациясының мәлімдемесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік. XXI ғасыр» манифестінде «өткен соғыстар мен жанжалдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан, әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы үшін жаһандық коалициясын қарсы қою қажет. Таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль текетіресін тоқтату болуға тиіс», - деп баяндалған көзқарасына негізделді.

Қазақстандық тарап қақтығысқа қатысушы елдердің үкіметтері халықаралық конвенциялар мен қарарларға толықтай сәйкес БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдармен тығыз үйлесімде орындайтын кешенді гуманитарлық іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Олай болмаған жағдайда, мемлекеттік биліктің әлсіреуімен бірге саяси жағдайдың өршуі елдегі мемлекеттік емес субъектілер мен қарулы топтардың билікке иемденуіне жол ашады. Бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар алдын алу дипломатиясы, делдалдық және тұрақты бейбітшілікті насихаттаумен қатар жүруі қажет екендігі атап өтілді.

Еліміздің «қақтығыстарды саяси және дипломатиялық жолмен реттеу күш қолданудан басым болуы қажет» деген негізді ұстанымы мәлімделді. Сонымен қатар қақтығысушы тараптар мәселелерді шешу үшін БҰҰ Бас хатшысының, оның арнайы уәкілдері мен өкілдерінің делдалдық қызметтеріне жиі жүгінуі қажет.

Қазақстанның өкілі БҰҰ жарғысына сәйкес, мемлекеттердің әсіресе соғыс орын алған елдердің тәуелсіздігі мен егемендігін құрметтеудің маңыздылығын атап өтті. Жанжалдарды қарауда, атап айтқанда Израиль-Палестина қақтығысы немесе Сириядағы химиялық қаруды қолдануды тергеу сияқты жағдайларда негізгі сенімді арбитр ретінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің беделін қолдау қажеттілігі атап өтілді. Қазақстандық тараптың пікірі бойынша, халықаралық қоғамдастық кінәлі тұлғаларды халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес әділ түрде анықтауы үшін барлық бұзушылықтар жете тергелуі, әділ және бейтарап болуы қажет.