Мәскеуде Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды

Мәскеуде Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды

Бүгін Мәскеудегі Халық шаруашылық жетістіктерінің көрмесінде Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған архитектуралық көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, өз кезегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдан елорданы көшіру бойынша стратегиялық шешім қабылдап, еліміздің қақ төрінде жаңа Астана бой түзегенін айтты.

«Астананың 20 жылдығына арналған көрменің Мәскеуде өтуінің себебі тереңде. Өйткені Ресей елі Қазақстанның сенімді серіктесі. Жыл соңына дейін біз «Қазақстан» павильонын түгелімен жаңартып, қолданысқа тапсырамыз. Ұлттық нақышта әспеттелген нысан болашақта ең әсем әрі экономикалық мүмкіндіктерді көрсететін алаңға айналып, еліміздің мол мұрасын паш ететін жерлердің бірі болатыны сөзсіз", – деді А.Мамин.

Өз кезегінде сөз алған Ресей Федерациясы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Антон Силуанов, Астана сәтті жүзеге асқан мегажоба екенін айта келе, бүгінгі күні елдің ірі іскер, қаржы және мәдени орталығына айналып үлгергенін де ерекше атап өтті.

«Астананың 20-жылдығына арналған шаралардың Мәскеуден бастау алғаны тегін емес, себебі Ресейдің бас қаласы Астанамен серіктес қала. Сондай-ақ Антон Силуанов, елімізге табыс пен мол жетістіктер тілей отыра, қос қала бірімен-бірі экономикалық және рухани тығыз қарым-қатынаста екенін айтты».

Бүгінгі шараның қонағы ретінде РФ Үкіметінің өкілдері, Мемлекеттік Думаның депутаттары, Мәскеуде тіркеуден өткен шетел дипломатиялық корпусының өкілдері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ресейлік журналистер мен қазақ диаспорасы қатысты.

«Труд» газетінің бас редакторы Валерий Симонов, 20 жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананы көшіру бойынша ресейлік журнастермен бөліскенін айтты.

«Ол кезде бізге қиял әлемінен туындаған арман ретінде көрінген болатын. Себебі әлеуметтік жағдайы қатаймаған елдің тақыр жерде жаңа астана салу идеясы қызықты болып көрінді. Бұл жобаға бүкіл Қазақстан халқы жұмылды. Қазір біз қазақстандықтардың жеткен жетістігімен мақтана аламыз», – деді Валерий Симонов.

Бүгінгі келген қонақтар болашақта ашылатын «Қазақстан» павильонының ғимаратымен етене танысты. Себебі күрделі жөндеу мен қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін ескі ғимарат адам танымастай өзгерген. Атқарылған шаралар нәтижесінде, бұрыңғы тарихи қалпы келтірілді. Орталық залдың төбесіндегі әйнек мұнарасы қайтадан бой түзеді.

Сондай-ақ келушілер ұлттық өнеріміз бен бірге іскерлер мен қазақ ауылының көрінісіне қанық болды.

«Жалпы мен Ресейге әлем чемпионатын көру үшін арнайы келдім. Бірақ бүгін ойламаған жерден өзіме бір жаңалық ашып отырмын. Себебі «Қазақстан» павильоны ерекше әсер қалдырды. Зәулім ғимарат Батыс пен Шығыстың керемет жерлерін бір өзінде тоғыстырған. Ұлттық мәдениеттеріңіздің ешкімге ұқсамайтын жерлерін мына көріністерден байқап отырмын», - деп алған әсерімен бөлісті іс-шараға кездейсоқ келіп қалған Гонконг тұрғыны Колин Кохен.