Қазақстанда тұратын этникалық немістер мәселесі жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы туралы

Қазақстанда тұратын этникалық немістер мәселесі жөніндегі  Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссиясының  18-ші отырысы туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 10 қыркүйегі   - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев пен Германия Федералдық үкіметінің Қоныс аударушылар және аз ұлт істері жөніндегі уәкілі, Бундестаг депутаты Бернд Фабрициустың тең төрағалығымен Қазақстанда тұратын этникалық немістер мәселесі жөніндегі Қазақстан-Германия Үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде мәдениет, білім, ғылым және жастар саясаты саласындағы екіжақты ынтымақтастық, экономикалық өзара іс-қимыл және іскерлік байланыстарды ынталандыру, визалық режимді жеңілдету мәселелері болды.

Отырыс барысында Е.Әлімбаев Қазақстандағы этникалық немістер және Германияда тұратын Қазақстаннан қоныс аударушылар екі ел арасында «жанды көпір» болып табылатынын және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға сүбелі үлес қосып отырғандығын атап өтті.

Б.Фабрициустың пікірінше, Қазақстан қоғамының бірігуінде, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен құрылған және құрамына неміс ұлты өкілдері де енетін Қазақстан халқы ассамблеясының маңызды рөл ойнайды.

Отырысқа қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Возрождение» Қазақстан немістері бірлестігі» қоғамдық қоры кеңесінің төрағасы Альберт Рау «бүгінде республика немістері азаматтық қоғамның белсенді бөлігі бола отырып, өздерінің ұлттық бірегейлігі мен тілін сақтап қана қоймай, өз елінің дамуына елеулі үлес қосуда» деп атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен Коммюникеге қол қойылды.