
Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 2 қыркүйегі – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев Германияның жаңадан тағайындалған Елшісі Моника Иверстің сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму келешегін, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастықты талқылады.
Министрдің орынбасары Елшіні Қазақстанның сыртқы саяси бағыттарымен, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ Қазақстанда коронавирустық індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Е. Әлімбаев неміс дипломатын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жаңа Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырып өтті.
Өз кезегінде Елші екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмысқа кірісуге дайын екенін хабарлады.