Қазақстан елшісі Еуропалық кеңес Президентіне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан елшісі Еуропалық кеңес Президентіне сенім грамоталарын табыстады

Брюссель, 2021 жылдың 9 шілдесі – Қазақстанның Брюссельдегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишельге сенім грамоталарын табыстады.

Ресми рәсімінен кейін орын алған әңгіме барысында отандық дипломат Еуропалық кеңестің басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ілтипаты мен ізгі тілектерін жеткізді. Тараптар Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, жоғары деңгейдегі саяси диалог, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, жасыл экономика және қоршаған ортаны қорғау, COVID-19 пандемиясының салдарымен күрес, Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы қатынастар мен Ауғанстандағы жағдай мәселелері қозғалды.

М.Баймұхан сұхбаттасушысын Қазақстан Үкіметінің коронавируспен күрес жөніндегі шаралары, атап айтқанда халықты вакциналау барысы және отандық «QazVac» вакцинасы туралы хабардар етті. Сондай-ақ, Елші аталған мәселе бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Еуропалық дәрілік заттар агенттігімен ынтымақтастық орнатылып жатқанын атап өтті.