Қазақстан Елшісі Бахрейн Короліне сенім грамотасын табыстады

Қазақстан Елшісі Бахрейн Короліне сенім грамотасын табыстады

Манама, 2021 жылдың 6 шілдесі – Манама қаласындағы Әл-Сахир сарайында Қазақстанны4 Сауд Арабиясындағы Елшісі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаға Қазақстанның Бахрейндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде сенім грамоталарын тапсырды.

Рәсімінен кейін орын алған әңгіме барысында Король түрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастардың даму деңгейіне жоғары баға беріп, жаңадан тағайындалған елшінің екі мемлекет арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған қызметтеріне сәттілік тіледі.

Қазақстан мен Бахрейн арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 28 мамырда орнатылған.

1997 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бахрейнге жасаған ресми сапары екі ел арасындағы достық байланыстардың негізін қалады. Ал, 2014 жылы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифаның Нұр-Сұлтанға қарымта ресми сапармен келуі екі ел ынтымақтастығының одан әрі нығаюына жаңа серпін берді.

Аталған сапарлар барысындағы уағдаластықтар Нұр-Сұлтан мен Манама арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту мен тереңдетуге ықпал етті. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластық негізінде қазіргі уақытта елордамызда Бахрейн үкіметінің қаражатына 1200 оқушыға арналған мектептің құрылысы аяқталуда.