Қазақстанның СІМ басшысы АӨСШК Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысына қатысты

Қазақстанның СІМ басшысы АӨСШК Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 24 маусымы – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бейнеконференция форматында өткен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысына қатысты.

Іс-шараны Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы және АӨСШК хатшылығының қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Оған Іскерлік кеңес мүшелері, АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің сауда-өнеркәсіп палаталары мен бизнес топтарының басшылары қатысты.

Жиналыс АӨСШК елдерінің агроөнеркәсіптік сектор, азық-түлік өндірісі және құрылыс индустриясы саласындағы ынтымақтастығын нығайтудың жаңа тәсілдерін талқылауға арналды.

М. Тілеуберді өз сөзінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АӨСШК-ні шақыру жөніндегі бастамасы 30 жылға жуық уақыт өткен соң әлемдік ЖІӨ-нің 50%-нан астамын құрайтын және жаһандық экономикалық өсудің үштен екісін қамтамасыз ететін 27 мүше мемлекетті біріктіретін азиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды платформасы ретінде жүзеге асып, кеңінен танылғанын атап өтті.

М. Тілеуберді Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, бизнес ахуалды жақсарту және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ҚР Үкіметі қабылдаған шаралар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі туралы айтып берді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар АӨСШК Іскерлік кеңесі шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін тұрақты кездесулер өткізуге келісті.

2021 жылғы 25 маусымда Іскерлік кеңеспен қатар АӨСШК Бизнес форумы өтеді.