Орталық Азия аумағында химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қауіптерін азайту мәселелері Алматы қаласында талқыланды

   Орталық Азия аумағында химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қауіптерін азайту мәселелері Алматы қаласында талқыланды

1-3 маусым аралығында Алматы қаласында Еуропалық Одақтың Химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қауіптерді азайту бойынша озық тәжірибе орталықтары жөніндегі бастамасы аясында Орталық Азияға арналған 14-ші өңірлік кеңесі өтті.

Іс-шараның ашылу рәсімінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин COVID-19-бен күресуде Қазақстанға көрсетіліп жатқан көмегі үшін Еуропалық Одаққа алғысын білдіріп, қазіргі уақытта өрби түскен сын-қатерлер аясында ЕО бастамасы шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықты дамыту маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның еуропалық бастамаға қосылуын оң ықыласпен қабылдап, оның өңірлік ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығаратынына және өңірдің әлеуетін арттыра түсетініне үміттерін білдірді. Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруының барлық түрінен азат әлем құру ісіндегі дәйекті ұстанымы жоғары бағалана отырып, Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30-жылдық мерейтойы аясында еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы жоғары халықаралық танылуы ерекше аталып өтті.

Биологиялық қауіптерге қарсы әрекет ету саласында кеңестің қатысушылары ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы қыркүйекте БҰҰ Генассамблеясының 75-ші сессиясында жария еткен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру туралы бастамасымен танысты.

Өз қызметін Биологиялық және уытты қаруға тыйым салу туралы конвенцияға негіздейтін аталмыш көпжақты құрылым әлемдегі барлық адамзаттың бейбітшілігін, денсаулығын және амандығын қамтамасыз етуге жәрдемдесуді, биологиялық және биотехнологиялық қатерлер саласындағы қауіпсіздік және бақылау шараларын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, биологиялық жетістіктерді тек бейбіт мақсатта қолдануға бейімдеуді көздейді. Қазақстан тарапы бұл бастаманы жүзеге асыруда ЕО-ның қолдауына және сарапшылық көмегіне жүгінетінін білдіріп өтті.