







29 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының және Әлемдік экономикасы мен саясаты институтының қолдауымен «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл: қорытындылар, жетістіктер, болашаққа көзқарас» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға ҚР Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Онжанов, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетін төрағасы Мәулен Әшімбаев, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, шетелдік дипломатиялық корпустың жоғары лауазымды өкілдері, халықаралық саясаттанушылар мен сарапшылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құрылдары өкілдері қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде отандық дипломатия тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің барлық елдерімен және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық пен прагматизм қағидаттарына негізделген қарым-қатынастардың сенімді жүйесін құрай алғанын атап өтті.
«Алғаш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы саясатының арқасында Қазақстан әлемдік аренада тұрақтылықтың генераторы, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделі ретінде қабылданады. Біздің еліміз заң бойынша ядролық қарусыздану саласында көшбасшы және мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогында белсенді модератор болып танылды. Бүгін Қазақстан қазіргі әлемнің өңірлік және жаһандық проблемаларын шешуге тең қатысып, өз үлесін қосуда», - деп атап өтті сыртқы саяси ведомствосының басшысы.
Қ. Әбдірахманов халықаралық аренада қазіргі биіктерге қол жеткізу үшін негізін қалаған Қазақстан СІМ ардагерлерінің рөлін, олардың орасан зор еңбегін және кәсіпқойлығын ерекше атады.
Іс-шараға қатысушылардың жалпы пікірі бойынша, ел Президенті құрған тәуелсіз Қазақстанның көпвекторлы, теңгерімді және сындарлы сыртқы саясаты біздің еліміз сияқты мемлекеттің даму талаптарына жауап беретін бағыттың жалғыз үлгісі болып табылады. Елбасының іске асырылған ауқымды мақсаттары мен жасампаз халықаралық бастамалары мемлекет егемендігінің және шекара тұтастығының берік кепілі, қоғамның ұзақ мерзімге қауіпсіз және тұрақты дамуының негізі болды.
Конференция барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Сириядағы дағдарысты реттеу жолдарын іздеуге арналған белсенді әрекеттері, оның өткен жылы Ресей мен Түркия арасындағы келеңсіздіктерді шешудегі маңызды рөлі жайлы айтылған Нұрлан Ожановтың «Бітімгер: Сирия түйіні» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Сонымен қатар іс-шара аясында тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің басты кезеңдерін көрсететін деректі фильм және мұрағаттық суреттердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараға қатысушылар жас мемлекеттің 1991 жылы халықаралық аренадағы алғаш қадамдары, Мемлекет басшысының АӨСШК шақыру бастамасы, ЕҚЫҰ-дағы тарихи төрағалылық, әлемдік қиын саяси дағдарыстардағы белсенді делдалдық қызметі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы туралы сирек мұрағаттық суреттерді және бейне материалдарды тамашалай алды.
Негізгі пленарлық отырысы және «ҚР Сыртқы істер қызметінің қалыптасуы мен дамуы: қорытындылары мен жетістіктері», «Қазақстан Республикасының Халықаралық аренадағы келешегі» атты екі сессия барысында конференция тақырыбы бойынша елеулі талқылаулар өтті.
Конференцияның шетелдік қатысушылары, соның ішінде Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың, Канаданың, Францияның, Бразилияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Корея Республикасының қазіргі және бұрынғы елшілері, сондай-ақ британдық ғалымдар Қазақстанның сыртқы саясатының жетістіктерін, қазіргі заманғы әлемдік ахуалда ел дипломатиясының әлеуеті мен оған деген сұранысын жоғары бағалады.