БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде мемлекеттік емес субъектілердің жаппай қырып-жою қаруын қолдану қатерін талқылады

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде мемлекеттік емес субъектілердің жаппай қырып-жою қаруын қолдану қатерін талқылады

2017 жылы 28 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) таратпау мәселелеріне қатысты ашық дебаттары өтті.

ЖҚҚ мемлекеттік емес субъектілердің, соның ішінде террористік топтардың қолына түсудің ағымдағы қатерлерін Қауіпсіздік Кеңесінің аясында талқылай отырып, барлық қатысушылар бірауыздан мемлекеттердің жасап жатқан күш-жігерлеріне қарамастан, ядролық, химиялық және биологиялық қаруды пайдалану қаупі күннен күнге өсіп келе жатқанын мойындады.

БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицудің пікірінше осындай қауіптің сақталуына технология саласында пайда болған ұшқышсыз ұшатын аппараттар, үш өлшемді принтерлер сияқты жаңа инновациялар, сондай-ақ екіұдай мақсаттағы жабдықтар мен материалдарды сатып алуға мемлекеттік емес субъектілерге жаңа нарықтық позицияларды ұсынатын анонимдік Интернет порталдары (Dark Web) ықпал етеді.

Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының ғылым және технология саласының қарқынды даму кезеңінде таралу қатерінің құбылмалы сипатын бақылаудың маңыздылығын қолдады. Осыған байланысты Елші Қайрат Омаров Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЖҚҚ құру және жетілдіру үшін пайдалануы мүмкін ғылыми жаңалықтарды есепке алу тізілімін құру қажеттігі туралы бастамасын еске салды.

Қорытындылай келе, қазақстандық дипломат бірлік пен сенімділік негізінде уақтылы сындарлы және алдын алу шараларын қабылдау жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға шақырды, ол осылайша жаһандық антиядролық қозғалысты нығайтуға, әлемді жаппай қырып-жою қаруынан құтқаруға үлес қосады.

Отырыстың қорытындысы бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі үлкен қырағылық пен новаторлық тәсілдерді таныта отырып, таратпау режимін кешенді түрде орнықтырудың маңыздылығы мен қажеттілігін растады.