


3 шілдеде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде СІМ қызметкерлері мен дипломатиялық қызмет ардагерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
Сыртқы саяси ведомство басшысы Қайрат Әбдірахманов министрліктің барлық қызметкерлерін кәсіби күнімен құттықтады және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметі көрші мемлекеттер, ірі елдер және дамушы елдер арасындағы жаңа әріптестерімен өзара қарым-қатынастың сенімді жүйесін құрғанын атап өтті. «Еліміз тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын нығайтты, қауіпсіздіктің берік кепілдігін алды және «ізгі ниетілік аймағын» құрды», – деді Қ. Әбдірахманов.
Министр Мемлекет басшысының еңбегі нәтижесінде Қазақстан халықаралық аренада әлемдегі өзекті мәселелерді шешуге белсенді түрде қатысатын мәртебелі мемлекет ретінде қалыптасқандығын атап өтті. Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін үлесі зор маңызды халықаралық бастамалардың мойындалған бастамашысы болып табылады.
Қ. Әбдірахманов дипломатиялық қызметтің 25 жылдағы негізгі жетістіктеріне шолу жасады. Сондай-ақ есімдері еліміздің сыртқы саясат тарихына «алтын әріптермен» жазылған ардагер дипломаттарының үлкен үлесін атап өтті.
Министр салтанатты жиналыс барысында министрлік қызметкерлеріне, Қазақстанның дипломатиялық қызмет ардагерлеріне, өмірден озған дипломаттардың жақын туыстарына ведомстволық марапаттарды және «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл» мерекелік медальдарын табыстады.
Дәстүр бойынша министр орталық аппарат пен шет елдердегі мекемелдерінің қызметкерлеріне кезекті дипломатиялық дәрежесін беру туралы жариялады. Жас дипломаттар мемлекеттік қызметкер антын қабылдады. Қызметерлер арасындағы мемлекетік тілдегі ең үздік аналитикалық жұмыс байқауының сондай-ақ Қазақстандық дипломаттар бірлестігі ұйымдастырған спорт жарыстарының командалық және жеке біріншілік жеңімпаздарын марапаттау өтті.