


Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің мерейтойына орайластырылған «Қазақстан дипломатиясы: бейбітшілік пен даму жолындағы 25 жыл» атты кітапты жарыққа шығарды.
Кітап тәуелсіз мемлекетіміздің Сыртқы істер министрлігін құру туралы 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Президенті Жарлығының тарихи маңызын ашатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен басталады.
«Бұл әлемнің саяси картасында жаңа елдің сыртқы саяси қызметінің қалыптасуындағы әрі мемлекеттігіміздің іргесін қалау жолындағы маңызды қадам болды. Ширек ғасыр ішінде берік орныққан еліміздің дипломатиясы мемлекетіміздің жетістіктеріне елеулі үлес қосып, қарқынды дамып келеді деп нық сеніммен айта аламыз. Осы аз ғана уақытта жақын көршілерімізбен және дүниежүзілік қоғамдастықпен достық және сындарлы қарым-қатынас орнату жолында мақсатты түрде жемісті жұмыс атқарылды. Бүгінде Қазақстан аймақтық және жаһандық үдерістердің жауапты да беделді қатысушысына айналды», - деп көрсетілген Мемлекет басшысының кіріспе сөзінде.
«Қазақстан дипломатиясы: бейбітшілік пен даму жолындағы 25 жыл» кітабындағы мақалалар тізімін қазіргі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың сыртқы саяси ведомствоның осы таңдағы қызметіне шолу жасайтын мақаласымен ашылады. Кітап беттерінде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы істер министрлері – Ақмарал Арыстанбекова, Төлеутай Сүлейменов, Қанат Саудабаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Ерлан Ыдырысов, Марат Тәжин және Ержан Қазыханов қызғылықты естеліктерімен және дипломаттардың жаңа ұрпағына арналған ақыл-кеңестерімен бөліседі.
Мақалалардың әрқайсысы шетелдермен алғашқы дипломатиялық қатынастар орнатуды, Біріккен Ұлттар Ұйымынға кіруді, ядролық қарусыздануды, мемлекеттік шекараны межелеуді, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін шақыруды, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық шаралары, Ислам ынтымақтастқы ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардағы төрағалықтарды, Тәуелісіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым және Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына белсенді түрде қатысуды, Сирия жөніндегі Астана процесін және басқа да маңызды оқиғаларды қоса алғанда, Қазақстан сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының айрықша кезеңдерін көрсетеді.
«Ерекше уақыт – Қазақстан мемлекеттілігінің өркендеуі кезеңінде өмір сүріп, еңбек еткен біздің замандастар бақытты. Мемлекеттіліктің жоғары мүддесіне отандық сыртқы саясат толықтай бағынышты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық дипломатиясы шынайы Тәуелсіз елдің маңызды атрибуты ғана емес, оның қауіпсіздігінің, дамуының және игілігінің, сондай-ақ халықаралық бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудың негізгі құралы», - деп атап көрсетеді өз шолуында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахманов.
Сондай-ақ, кітапта белгілі отандық ғалымдар мен ҚР СІМ қызметкерлерінің Қазақ хандығының дипломатиялық практикасы, кеңестік кезеңдегі қазақстандық дипломаттар, сандық ғасырдағы дипломатияның ерекшеліктері туралы мақалалары ұсынылған.
Басылымда Қазақстан дипломатиясының тарихынан алынған мол фото материалдар мен көркем инфографикалар пайдаланылған.
Таяуда кітап еліміздің барлық негізгі кітапханалары мен жоғары оқу орындарына жол тартады. Кітап Қазақстанның сыртқы саясаты мәселелеріне бей-жай қарамайтын барлық оқырмандар үшін қызықты болуы тиіс.