Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 27 мамыры – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органының (ККО «АӨДА») кезектен тыс онлайн-отырысы өтті.
Іс-шараға құқық қорғау саласында мамандандырылған отандық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), Парламент депутаттары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы, ҚР Адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, мүдделі министрліктердің, сондай-ақ халықаралық серіктестер – БҰҰ Даму бағдарламасы, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы (АҚЖКБ), ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, АҚШ-тың және Канаданың елшіліктері, ЮСАИД және «Халықаралық түрме реформасы» ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Ү. Сүлеймен өзінің кіріспе сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) бесінші отырысында Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес іске асыру сапасын бағалаудың толыққанды құралы болуға тиіс адам құқықтарын сақтау индикаторларын әзірлеу және енгізу қажеттілігі жөнінде көтерген бастамасын атап өтті. Қазіргі әлемдік тәжірибеде АҚЖКБ әзірлеген 14 жаһандық индикатордың бар екенін назарға салған Мемлекет басшысы олардың негізінде адам құқықтарының сақталуын бағалаудың ұлттық индикаторларын кезең-кезеңімен енгізе бастауды ұсынды. Өз кезегінде бұл осы саладағы мемлекеттік саясатты нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, отырысқа қатысушылар адам құқықтарын қорғау индикаторларына халықаралық және ұлттық тәсілдерді және олардың БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарының индикаторларымен және көрсеткіштерімен, оның ішінде білім алу құқығы индикаторларымен үйлесімділігін талқылады.
Күн тәртібіндегі әрбір мәселеге қатысты пікірталастар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бұдан әрі өзара іс-қимылы бойынша нақты ұсыныстардың әзірленуін көздеп, ашық әрі сындарлы сипатқа ие болды.