
Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 20 мамыры - Консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету аясында екі елдің дипломатиялық миссияларының басшылары мен құзыретті мекемелер өкілдерінің қатысуымен қазақстандық-моңғол консулдық консультацияларының 10 раунды бейнеконференция форматында өтті.
Қазақстандық делегацияны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, монғол тарапын - Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры Лханаажава Мунхтушиг басқарды.
Кездесу барысында консулдық-құқықтық мәселелер, екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Сонымен қатар, көші-қон және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық, шарт-құқықтық базаны кеңейту, COVID-19 пандемиясы кезінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы шекараларды кезең-кезеңімен ашу мүмкіндіктерін зерттеу және тұрақты рейстерді қалпына келтіру туралы сұрақтар талқыланды.
Соңында тараптар консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.