



Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 25-жылдығына орай, 10 шілдеде Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде ҚР шет елдердегі құрметті консулдарының съезі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның 45 елдегі 84 құрметті консулы және Қазақстанда тіркелеген 31 шет елдің 47 құрметті консулы қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Съез қатысушыларын Мемлекет басшысының Қазақстанның сыртқы саясатын «экономизациялау» туралы тапсырмасын іске асыру жөніндегі ҚР СІМ-нің жұмысымен таныстырды. Сыртқы саясат ведомствосының қызметін қайта форматтау және жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Шетелдік инвестициялар мен инновациялық технологияларды қазақстандық экономиканың басым салаларына тарту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін шетел нарықтарында ілгерілету ҚР СІМ қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылады.
Министрдің бірінші орынбасары визасыз кеңістікті кеңейту және көші-қон заңдарын жетілдіру арқылы елдің инвестициялық климатын жақсартуға және туристік әлеуетін іске асыруға бағытталған визалық саясатты ынтыландыру бойынша Министрліктің қызметі туралы айтып берді.
Іс-шара барысында сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, Астана қаласы әкімдігінің, «Атамекен» ҚР ҰКП «Қазақстан сыртқы сауда палатасының», «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның, «Байтерек» ҰБХ-ның өкілдері сөз сөйледі. «Kazakh Invest» инвестиция жөніндегі ұлттық компаниясы таныстырылды.
Іс-шараның қорытындысы бойынша М.Тілеуберді ҚР сыртқы саясатын іске асырудағы құрметті консулдардың маңызды рөлін атай отырып, шетелдік инвестицияларды Қазақстан экономикасының басым секторларына тартуға және қазақстандық өнімдерді шетел нарықтарына ілгерілетуге белсенді қатысуға шақырды.
Іс-шара барысында екіжақты қатынастарға қосқан ерекше үлесі мен шет елдердегі қазақстандық азаматтарға белсенді жәрдемі үшін ҚР құрметті консулдары «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметіне 25 жыл» ведомстволық медальдарымен марапатталды.
Іс-шарадан кейін Астана қонақтары «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмеге барды.