Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 27 сәуірі – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Корея Халық Демократиялық Республикасы, Мальдивтер және Замбияның жаңадан тағайындалған Қазақстанда қоса атқарушы елшілерімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру іс-шарасына орай кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында аталған елдердің Қазақстанмен қарым-қатынастарының жағдайы мен келешегі, сондай-ақ, көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
КХДР Елшісі Син Хон Чхоль, Мальдивтер Елшісі Омар Абдул Раззак және Замбия Елшісі Шедрек Чингембу Лувита Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту бойынша алдағы жоспарлары туралы ақпаратпен бөлісті.
Ш. Нұрышев Қазақстан мен КХДР, Мальдивтер және Замбиямен ынтымақтастықтың ілгерілемелі дамуына үміт арта отырып, жаңадан тағайындалған елшілерге екіжақты байланыстарды нығайтуда сәттілік тіледі.