
Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 20 сәуірі – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин онлайн режимде өткен Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) донорлық конференциясына қатысты.
А.Рахметуллин бүгінгі күні нашақорлыққа қатысты қауіп-қатерлер мемлекеттік шекараға бағынбайтынын баса айтып, Орталыққа қатысушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды ОАӨАҮО-ға арналған донорлық көмекті күшейтуге, оның қызметін белсенді қолдауға шақырды. ОАӨАҮО жұмысының нәтижелері Орталық Азиа ғана емес, одан тыс өңірлердегі есірткі жағдайын жақсарту үшін де зор маңыздылыққа ие.
ОАӨАҮО директоры Рустам Азиз Мирализода және БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының (ЕҚБ) Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалық кеңсесінің басшысы Навид Риаз конференция қатысушыларын ОАӨАҮО елдерінің құзыретті органдары арасында ақпараттық-талдау және оперативті ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған БҰҰ ЕҚБ-ның Жаһандық стратегиясын іске асыруға бағытталған Орталықтың жұмысымен жан-жақты таныстырды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров, БҰҰ ЕҚБ-ның Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Ашита Миттал, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер және басқа да дипломатиялық миссиялардың өкілдері ОАӨАҮО әлеуетін одан әрі күшейту, оның ішінде оның қатысушылар құрамын кеңейту және нормативтік-құқықтық базасын нығайтуды қолдайтыны туралы мәлімдемелер жасады. Іс-шараға елімізде тіркелген 25-тен астам мемлекет және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
ОАӨАҮО – 2009 жылы БҰҰ ЕҚБ-ның қолдауымен Алматы қаласында құрылған халықаралық ұйым болып табылады. Қатысушы мемлекеттер – Қазақстан, Орталық Азия елдері, Әзербайжан және Ресей. 15-тен астам мемлекет және халықаралық ұйым ОАӨАҮО жанындағы байқаушы мәртебесіне ие. ОАӨАҮО қызметінің негізгі мақсаты қатысушы мемлекеттер құзыретті органдарының трансұлттық есірткі қылмысына қарсы тұру саласындағы іс-әрекеттерін үйлестіру болып табылады.