





Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Эрик Солхейммен кездесті.
Қайрат Әбдірахманов ЮНЕП-тің Астана қаласында «Болашақ энергиясы» инвестициялық және «жасыл» технология жобаларын дамыту бойынша Халықаралық орталық ашуда қолдау көрсеткендігін атап өтті. Алматыда БҰҰ Көпжақты дипломатия хабын құру мәселелері талқыланды. Министр Қазақстан Орта Азиядағы қоршаған орта мәселелерін шешу бойынша ЮНЕП-пен ортақ жобаларды іске асыруға ниет білдіретінін мәлімдеді.
Эрик Солхейм өз кезегінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі кездегі күрделі жанжалдарды бейбітшілік жолмен реттеуде күш салуына және тұрақты дамуды қамтамасыз ету мен халықаралық қауіпсіздік саласында бастамасына қолдау көрсетті.
Сыртқы істер министрлігі басшысының БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздандыру мәселелері бойынша Жоғары өкілі Изуми Накамицумен кездесуде БҰҰ Бірінші комитеті аясында жаһандық ядролық қарусыздандыру, кибер қауіпсіздік және өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды. Жоғары өкіл Қазақстанның халықаралық қарусыздандыру мәселесінде көшбасшылығына ризашылығын білдірді. Көшбасшылыққа Атом энергиясы халықаралық агенттігінің Төмен байытылған уран банкін ашылуы айқын дәлел болады. Изуми Накамицу үстіміздегі жылдың қыркүйегінде қол қоюға ашылатын ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге Қазақстанның алғашқылардың бірі болып қосылатынына үмітін білдірді.
Қайрат Әбдірахманов сонымен қатар Пагуош ғалымдар қозғалысының президенті Джаянт Дханапала және Қарусыздандыру мәселелері бойынша БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ангела Кейнмен кездесті. Қазақстан министрі Астанада 25-29 тамыз аралығында өтетін Пагуош қозғалысының мерейтойлық конференциясы халықаралық деңгейде ауқымды іс-шара болатынын және жаһанды қарусыздандыру және қаруды таратпау мәселелеріне үлкен үлес қосатынын мәлімдеді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Юрий Хачатуровпен кездесуде мемлекет басшылары, министрлер және қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде ҰҚШҰ отырысын ұйымдастыру мәселелері және 2018 жылы Қазақстанның Ұйымға төрағалығының басымдылықтары талқыланды.
Қайрат Әбдірахмановтың Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимовпен кездесуі барысында Ұйымның бірқатар іс-шараларын ұйымдастыру қарастырылды. Атап айтқанда, 27 тамызда «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы күні және Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Астаналық халықаралық жеңіл атлетикалық марафоны өтеді.
Рашид Алимов Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы және Астанада 9 маусымда өткен Ұйымның саммиті нәтижелерін жоғары бағалады. Сондай-ақ сұхбаттастар үстіміздегі жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы аумағында Нью-Йоркте ШЫҰ СІМК кезектен тыс отырысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Қайрат Әбдірахмановтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрайымы Кристин Муттоненмен кездесуде сұхбаттастар ЕҚЫҰ парламенттік өлшемінің дамуы және Ұйым кеңістігінде түйінді мәселелерді шешу туралы көзқарастарын білдірді.