





26 тамызда Конституция күні қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрлігінде Дармен Сәдуақасовтың шахмат академиясының қолдауымен Қазақстандық дипломаттар бірлестігінің мүшелеріне арналған жыл сайынғы шахмат турнирі өтті.
Шараны ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов пен Шахмат академиясының Президенті, халықаралық гроссмейстер Дармен Сәдуақасов ашты.
Өз кезегінде министр шахматтың зияткерлік дамудағы қуатты ресурстық бағыт екенін атап өтті. Бұл шахмат турнирі – ең алдымен ең мықтыны анықтауға және жаңа тәжірибе алмасу мақсатында жасалған ақылдылар сайысы. Адам физикалық жағынан да, рухани жағынан да бірдей шыңдалуы тиіс.
«Шахмат – өмір сүру салты, өмір мектебі, ал біреулер үшін өмірдің өзі. Олар қайталанбайды, әр партия ерекше. Бүгін мен сіздерге сәтті ойын тілеймін. Сайысқа қатысу арқылы сіздер бір саты биіктейсіздер»-деді Д. Сәдуақасов.
Шараға Бірлестіктің әр түрлі жастағы 30-дан астам мүшесі қатысты. Қатысушылар арасында тәжірибелі және әуесқой шахматшы дипломаттар мен олардың балалары да бар.
Жеті турға созылған шахмат сайысында ең мықты қатысушылар анықталды. Ересектер арасында І-орынды Гали Сеилханов, ІІ-орынды Ануарбек Ахметов, ІІІ-орынды Арман Тыныбек алды. Ал жас шахматшылар арасында Д. Қайролда үздік шықса, екінші орын мен үшінші орынды Н. Байтемір мен Б.Байтемір бөлісті. Барлық жеңімпаздар медальдермен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттарды сайыстың бас төрешісі, ФИДЕ төресіші, халықаралық гроссмейстер Н.Ибраев табыстады.
Барша жеңімпаздарды құттықтаймыз! Барлық әріптестерімізге Турнирге қатысып, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз!