




Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Қазақстанға Атом энергиясы халықаралық агенттігінің Төмен байытылған уран банкі (ТБУБ) ғимаратының ресми ашылуына келген АЭХА-ның бас директоры Юкия Аманомен келіссөздер жүргізді.
Сұхбаттастар ТБУБ жобасын дайындау және жүзеге асыру бойынша алты жыл аралығындағы жұмысты қорытындылады. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай маңызды жобаны жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан көшбасшылық рөлі және жобаға танытқан қызығушылығы үшін алғысымызды білдіреміз», - деді Ю. Амано.
Кездесу барысында Банк қызметінің практикалық мәселелері, оның ішінде ТБУБ-тегі ынтымақтастық құқықтық базасының болашақта жетілдіруі, персонал жұмысы, тиісті сатып алулар, инспекция және басқа жүйелермен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қ. Абдрахманов «Төмен байытылған уран банкі атомды бейбіт жолмен қолдануға мүмкіндік береді. АЭХА-мен ынтымақтастық Қазақстан үшін халықаралық қауіпсіздікті күшейтеді және Мемлекет басшысы жүзеге асыратын экономиканы жетілдіру бағдарламасына сәйкес келеді» деп мәлімдеді.