Қазақстан-Канада саяси консультациялары туралы

Қазақстан-Канада саяси консультациялары туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 17 наурызы – Бейнеконференция форматында Қазақстан мен Канада Сыртқы істер министрліктері арасында екі елдің СІМ басшыларының орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялар өтті.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, ал канадалық делегацияны – Еуропа, Арктика, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка істері жөніндегі Сыртқы істер Вице-министрі Сандра Маккарделл басқарды. Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық мәселелерге қатысты пікір алмасып, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттілігі атап өтілді.

Дипломаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен 2020 ж. ақпанында Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының аясында өткен кездесуінің маңыздылығын және оның екі елдің саяси диалогы мен сауда-экономикалық қатынастарына елеулі серпін бергендігіне тоқталды.

Сонымен қатар, кездесуде 2020 жылғы қарашада онлайн режимде өткен «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысының қорытындылары талқыланды. Тараптар аталған іс-шара барысында қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды белсенді пысықтауға дайын екендіктерін растады.

Тараптар көпжақты форматтағы ынтымақтастық, COVID-19 пандемиясымен күрес, климаттың өзгеруі, әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өткен жөн.

Мемлекеттер арасындағы шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту мақсатында Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы Әуе көлігі туралы келісімді пысықтаудың ағымдағы мәртебесін қарастырды. Осы құжатты жасасу азаматтардың өзара сапарларын жеңілдетуге мүмкіндік береді, бұл елдер арасындағы іскерлік, туристік және мәдени алмасуға оң әсерін тигізеді.

Жалпы, саяси консультациялар тараптардың екіжақты және көпжақты форматтағы Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.