
Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 10 наурызы – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев Швейцарияның Федералдық Сыртқы істер департаментінің Даму және ынтымақтастық агенттігінің Орталық Азиядағы су ресурстары жөніндегі арнайы өкілі Гий Бонвинмен онлайн-кездесу өткізді.
Сұхбат барысында қатысушылар дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы Қазақстан-Швейцария ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Швейцария тарапы KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қызметі, оның мақсаттары, міндеттері мен бағыттары, сондай-ақ ДРК саласындағы Қазақстанның жүзеге асырған пилоттық жобалары туралы хабардар болды.
Тараптар су ресурстарын ұтымды пайдалану және ортақ су көздерін басқарудың өңірлік жүйесі саласында келешекте бірлескен жобаларды іске асыру сұрақтарын да қарастырды. Осы ретте швейцариялың тарап Қазақстанға осы тұрғыдан сараптамалық қолдау көрсетуге, жалпы өз тәжірибесімен алмасуға дайындығын атап өтті.
Кездесу нәтижесінде тараптар ДРК саласында Қазақстан-Швейцария серіктестігін күшейте түсуге ықпал ететін KazAID пен DEZA даму агенттіктері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға жақын арада қол қоюға келісті.