

АСТАНА, 21 қыркүйек 2017 жыл – 20 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясы аясында өңірлік ұйымдардың бірқатар көпжақты кездесулері және тақырыптық форумдар өтті.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы тараптардың сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі (СІМК) барысында мүше мемлекеттер АӨСШК 25-жылдығына орай Мәлімдеме қабылдады.
СІМК-те төрағалық еткен Қытай Сыртқы істер министрі Ван И ұжымдық және кооперативтік қауіпсіздікке негізделген АӨСШК 25 жыл ішінде Кеңес мүшелерінің саны және географиялық ауқымы бойынша Азиядағы ең ірі форумға айналғанын атап өтті.
«БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында кездесіп отырғанымыздың символикалық мәні бар. Дәл осында шамамен бір жарым ғасыр бұрын – 1992 жылы 5 қазанда – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК-ні құру идеясын алғаш рет ұсынған болатын»,- деп айтты Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Бүгін АӨСШК 26 мүшежәне 9 байқаушы мемлекет пен бірқатар халықаралық ұйымдардың басын қосқан беделді форумға айналды. Ауқымды нормативтік құқытық қор құрылды. АӨСШК БҰҰ және басқа да халықаралық алаңдарда байқаушы мәртебесін иеленгенін Министр атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Кеңестің одан әрі дамуына қатысты өз көзқарасын ұсынды. АӨСШК ынтымақтастығының барлық бес өлшемінде тәжірибе жүзінде өзара іс-қимылды жақсарту, форумның географиясын кеңейту, АӨСШК мүше мемлекеттері елшілерінің Астанада тұрақты кездесулері тетігін құру, Хатшылықтың рөлін нығайту, сондай-ақ АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айнылдыру туралы әңгімелесті.
Сонымен қатар, СІМК барысында Ауғанстан, Бангладеш, Үндістан, Қырғызстан, Монғолия, Пәкістан, Қатар, Тәжікстан және Таиланд сыртқы саяси ведомстволарының басшылары сөз сөйледі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс отырысы барысында ШЫҰ даму болашағы, соның ішінде оған Үндістан мен Пәкістанның қосылу мәселесі қарастырылды. ШЫҰ министрлері Астанада өткен тарихи саммиттен кейін алғаш рет жаңа құрамда жиналды.
Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік ахуалдардың мәселелері бойынша, соның ішінде Корей түбегіндегі жағдай мен Ауғанстанмен ынтымақтастық туралы ой-пікірлерімен алмасты. ШЫҰ БҰҰ-мен және басқа көпжақты бірлестіктермен өзара ынтымақтасуды нығайту болашағы талқыланды. Кездесуге қатысушылар өзара сенімділікпен, өзара тиімділікпен, теңдікпен, өзара консультациялармен, мәдениеттердің алуан түрлілігін құрметтеумен, бірлесе дамуға деген ниетпен сипатталатын «шанхай рухының» қағидаттарын сақтау маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты министрлер ШЫҰ Хартиясының, Ұзақ мерзімді тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартының, сондай-ақ Ұйымның басқа да негізгі құжаттарының маңыздылығын айтып шықты.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының бейресми кездесуінде, ҰҚШҰ мен БҰҰ арасындағы бітімгершілік, қауіпсіздік және терроризмге қарсы тұру саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің басшысы өз әріптестерін еліміздің Бас Ассамблеяның 72-ші сессиясындағы және 2017 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басымдықтарымен таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша әлемдегі жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету, Ауғанстандағы жағдай және елдің солтүстік аймақтарында халықаралық террористік және экстремистік ұйымдары шептері нығаюның қатерін, сондай-ақ халықаралық терроризмге қарсы тұру туралы үш бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Қ.Әбдірахманов, сондай-ақ Орталық Азиядағы уран өндірісінің мұрасы ретінде қалған экологиялық мәселелер жөніндегі жоғары деңгейдегі іс-шарада сөз сөйледі. «Адамдар және планета: Орталық Азия халықаралық ынтымақтастыққа шақырады» атты кездесу Орталық Азия елдерінің аумағында Кеңес Одағы кезеңінен бері сақталған уран қалдықтары проблемаларын талқылауға арналды.
Қазақстандық министр қатысушыларды 2015 жылы БҰҰ саммиті барысында айтылған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр мемлекеттің қорғаныс бюджетінің бір пайызын орнықты дамуға жыл сайын аудару туралы ұсынысына назар аударды. Оның айтуынша, бұл ұсыныс әлемдегі көптеген экологиялық проблемаларды шешу үшін қаржы ресурстарының жетіспеушілігі аясында аса өзекті болып табылады.
Ол Семей ядролық полигонындағы сынақтарға байланысты Қазақстан аумағының 300 мың шаршы километрі радиацияға ұшырағанын, ал аймақта жарты миллион адам зардап шеккенін еске салды. Осыған байланысты Қазақстан Орталық Азия елдеріндегі уран өндірісінің мұрагерлік проблемасын шешуде аймақтағы елдердің, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін нығайтудың маңыздылығы қажет екенін түсінеді. Қазақстан Орталық Азиядағы уран өндірісінің мұрагерлік проблемасы бойынша үйлестіру тобы жобасының (CGULS) негізгі жақтаушысы екені айтылды. Жақында Қазақстан Үкіметі осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге ерікті үлесін қосты.
Теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдер тобына мүше-елдердің жыл сайынғы министрлік кездесуі «Веналық іс-қимыл жоспары мен 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін іске асыруды жеделдету» тақырыбына арналды.
Қатысушылар БҰҰ аясында бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру мәселелерін талқылады, сондай-ақ мұхитқа қол жеткізудің жетіспеушілігіне байланысты проблемаларды шешудегі өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстандық тарап Қазақстанда көлік әлеуетін дамыту, халықаралық сауда және экономикалық әртүрлендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Кездесу қорытындысы бойынша Министрлер декларациясы қабылданды, оның бір тармағында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрмесін өткізу мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы н құру бастамасы бойынша Қазақстанның күш-жігерін мойындау және қолдау туралы айтылған.
Қазақстан теңізге шығу жолы жоқ әлемдегі ең үлкен ел бола отырып, Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен, БҰҰ тарихында алғашқы рет 2003 жылы Алматыда өз елінің теңіз шекарасынан айырылған елдердің проблемаларын жан-жақты зерттеуге арналған алғашқы жаһандық іс-шараны ұйымдастырды. Теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында конференцияда транзиттік тасымалдау мен көліктік инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты шаралар мен ұсыныстарды қамтитын «Алматы іс-қимыл бағдарламасы» қабылданды. Сондай-ақ, құжат теңізден алыс орналасқан елдерге қаржылық және техникалық көмек көрсетуді қарастырған болатын.