Қазақстандық дипломаттар Азия мен Таяу Шығыстың бірқатар елдеріндегі брифингтерде Мәжіліс сайлауына дайындық барысын баяндады

Қазақстандық дипломаттар Азия мен Таяу Шығыстың бірқатар елдеріндегі брифингтерде Мәжіліс сайлауына дайындық барысын баяндады

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 8 қаңтары – Алддағы жексенбіде өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауына қызығушылықтың артуын ескере отырып, Қазақстанның Азия және Таяу Шығыстың бірқатар елдеріндегі Елшіліктері аккредиттеу елдерінің БАҚ және сарапшылық қоғамдастықтары үшін брифингтер өткізді.

Нью-Делиде іс-шара «гибридті» форматта өтті, оған онлайн форматта және жеке қатысумен отыздан астам қонақ тіркелді, олардың арасында қоғамдық-саяси сарапшылар мен іскерлік топтардың өкілдері болды. Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Ерлан Әлімбаев тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің даму тарихы, елде жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар және ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері туралы айтып, COVID-19 пандемиясы аясында сайлау процесіне қатысушылардың барлығының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан қосымша шараларды түсіндірді.

Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Айдарбек Тұматов Орталық Азия мен посткеңестік кеңістіктегі саяси үдерістер бойынша жетекші медиа ресурстар өкілдерімен және сарапшылармен еліміздің сайлау заңнамасын, Парламенттің құрылымы мен өкілеттіктерін, елдегі демократиялық институттар мен рәсімдерді одан әрі жетілдіруге бағытталған реформалар пакетін іске асыруды талқылады. Брифингке қатысушылар Қазақстанда саяси плюрализмді нығайту бойынша қабылданып жатқан қадамдарға оң баға берді, бұл, олардың пікірінше, сайлаушының бәсекеге қабілетті саяси платформалары бар партиялар арасында таңдауы бар екенін көрсетеді.

Қазақстанның Катардағы Елшісі Арман Исағалиев жергілікті журналистерді сайлау науқанының барысымен, оған қатысатын саяси партиялар жайлы, сайлауды халықаралық стандарттарға сәйкес өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған қоғамды одан әрі демократияландыру үшін құқықтық негіздерді жетілдіру бойынша билік қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Іс-шараға қатысушыларға елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар түсіндірілді, мысалы, парламенттік азшылық партияларына заң шығарушы органның басқарушы құрылымдарына қатысу кепілдігін беруді көздейтін парламенттік оппозиция институтын енгізу, мемлекеттік тіркеу үшін олардың мүшелері санының шегін екі есе төмендете отырып, саяси партиялар туралы жаңа заң қабылдау, саяси партиялардың сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлу жайлы сөз болды.