Нұр-Сұлтан қаласы, 2020 жылдың 23 желтоқсаны – Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосында ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерманның төрағалығымен ҚР СІМ қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы онлайн режимінде өтті.
Отырысты ашқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді биылғы жылдың кейбір қорытындыларын реттеп, СІМ-нің алдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, ол COVID-19 пандемиясы салдарынан көптеген іс-шаралардан бас тартуға мәжбүр болуға қарамастан Министрліктің 15 халықаралық іс-шараны, мемлекет басшылығының қатысуымен 16 сапарды, бейнебайланыс форматында 40 халықаралық іс-шараны жүзеге асырғанын атап кетті.
Келесі жылға арналған жұмыс жоспарына қатысты Министр Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығы, еліміздің Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне және 20-жылдық мерейтойын атап өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесіне төрағалығы, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының Министрлік конференциясы және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл сияқты іс-шараларға ерекше көңіл бөлінетініне тоқталды.
Өз кезегінде, депутат М.Ерман мемлекеттік органдар, сарапшылық қауымдастық және азаматтық қоғам арасындағы конструктивті байланыстың маңыздылығын атап айтты.
Отырыс барысында ҚР СІМ өкілдері қазіргі жағдайдағы инвестициялар тартудың ерекшеліктері туралы, шарт-құқықтық базасының қазіргі ахуалы және Қазақстанның АӨСШК-те басталған төрағалығы аясындағы міндеттері туралы баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының» атқарушы директоры Жәмила Асанова «Орталық Азиядағы азаматтық қоғамның даму перспективалары туралы: болашаққа көзқарас (2025)» тақырыбында сөз сөйледі. Пікірталас барысында кеңес мүшелері Сыртқы істер министрлігімен өзара іс-қимылды нығайту бойынша бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Сыртқы істер министрлігі қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы 2021 жылдың мамыр айына жоспарлануда.