ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органының отырысы туралы

ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органының отырысы туралы

Нұр-Сұлтан, 2020 жылғы 15 желтоқсан – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органының (ККО «АӨДА») биылғы жылғы соңғы онлайн-отырысын ұйымдастырды.

Іс-шараға Парламент депутаттары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің, мүдделі министрліктердің, үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ алаңның қонақтары – халықаралық серіктестердің, оның ішінде БҰҰ Даму бағдарламасы, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы, ЕҚЫҰ, Еуропа одағы, АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы Елшілігі, ЮСАИД және «Халықаралық түрме реформасы» ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Отырысты Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ашып, кіріспе сөз сөйледі. Ол қатысушыларды елімізді жаңа даму траекториясына алып шығатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді алға тарту бойынша стратегиясын іске асыруды жалғастыру барысымен таныстырды.

Министр 2020 жылғы ККО-ның жемісті жұмысына оң бағасын берді. Есептік уақыт аралығында ККО алаңында адам құқығын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан атынан барлық баяндамаларға ұсынымдар әзірлеумен қатар адам құқықтары тақырыбындағы кең ауқымды мәселелер талқыланды.

2020 жылғы ККО-ның соңғы отырысының қатысушылары БҰҰ-ның азаптауға және басқа қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрі ар-намысты қорлайтын қатынастар мен жазалаудың түрлеріне  қарсы Конвенциясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан қабылдаған шаралар туралы Төртінші мерзімді баяндаманы қорғауға дайындық жүргізу және адвокатура мен заң жүзіндегі көмек пен үкіметтік емес ұйымдардың шет елдік көздерден қаражат алу туралы заңнамасын қолдану  мәселелері талқылады.

Күн тәртібіндегі әрбір мәселеге қатысты талқылаулар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бұдан әрі өзара іс-қимылы бойынша нақты ұсыныстардың әзірленуін көздеп, ашық әрі сындарлы сипатқа ие болды.

Жиналыстың соңында қатысушылар «АӨДА» ККО-ның 2020 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, 2021 жылғы жұмыс жоспарын бекітті.