АӨСШК іс-шаралары туралы

АӨСШК іс-шаралары туралы

Нұр-Сұлтан, 2020 жылғы 11 желтоқсан - 2020 ж. 9 және 11 желтоқсанда Қазақстан төрағалығының бастамасымен бейнеконференция форматында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Арнайы жұмыс тобының (АЖТ) және Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің (ЖЛТК) отырыстары өткізілді.

АӨСШК-тің Арнайы жұмыс тобының және Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің отырыстарында АӨСШК сенім шараларын ілгерілету мәселелері, оның ішінде оларды 2021 жылы іс жүзінде жүзеге асырудың нақты іс-шаралары талқыланды.

АӨСШК Жоғары лауазымды тұлғалар комитетінің төрағасы -
Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев ынтымақтастықты, оның ішінде АӨСШК-тің Іскерлер мен Жастар кеңестері, Форумның талдау орталықтары сияқты АӨСШК аясында, одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Форумға мүше мемлекеттер АӨСШК-ті одан әрі институттандыру, сондай-ақ оның шартты-құқықтық негізін жетілдіруге қатысты Қазақстанның ұсыныстарын жан-жақты талқылады.

Сонымен бірге, делегация басшылары халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің COVID-19 пандемиясы жағдайындағы ынтымақтастық пен келешегі бойынша сындарлы пікір алмасулар жүргізді.

Ағымдағы заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін АӨСШК-тің сенім шаралары каталогына енгізуді Қазақстан тарапы ұсынып, оны Форумға мүше мемлекеттері толық қолдады.

Жоғарыда аталған іс-шаралар соңында қатысушылар Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен өркендеуді нығайту мақсатында АӨСШК шеңберінде өзара іс-қимылдарды жандандыруға уағдаласты.

ЖЛТК - Саммиттер мен Министрлік кездесулердің шешімдерін жүзеге асыратын негізгі орган болып табылады, Кеңестің ағымдағы қызметін үйлестіреді және басқарады, сонымен қатар АӨСШК шеңберінде өзара іс-қимылды дамытудың нақты бағыттарымен байланысты негізгі мәселелерді қарастырады.

АЖТ - АӨСШК қызметінің әр түрлі салалардағы мәселелерді және оның жүзеге асырылуының мақсаттарын қарастырады.