Нұр-Сұлтан, 2020 жылғы 10 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (БҰҰ ОААДӨО) ұйымдастыруымен видеоконференция арқылы өткен Орталық Азия елдері және Ауғанстан сыртқы істер министрлері орынбасарларының жыл сайынғы кездесуіне қатысты.
Кездесуге Бас хатшысының орынбасары –Терроризмге қарсы күрес басқармасының басшысы Владимир Воронков, БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча, ОААДӨО басшысы - Бас хатшысының арнайы уәкілі Наталья Герман және БҰҰ-ның бірқатар жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар ортақ сын-қатерлерді және Орталық Азия өңірі үшін өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын және өңірдегі сын-қатерлерге қарсы қадамдарды талқылады.
М.Сыздықов өз сөзінде Қазақстан Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуді әрдайым қолдайтынын және өзара сенім мен бір-бірінің мүдделерін құрметтеу негізінде өңірдің саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына ортақ мүдделілігін атап өтті. Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары қатысушыларды өңір бетпе-бет тап болып отырған өзекті сын-қатерлер мен қауіптерге, соның ішінде терроризм мен экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына, су-энергетикалық және экологиялық проблематикаға, транзит және әлемдік нарықтарға қолжетімділік мәселелеріне ден қою жөніндегі біздің еліміз қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.
Жалпы алғанда, сөз сөйлеушілер өңірлік өзара іс-қимылдың даму серпінін оң атап өтті, ОАӨО-ның тиісті күш-жігеріне қолдау білдірді, сондай-ақ Ауғанстанмен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын айта кетті.
Іс-шара шеңберінде үкіметтер мен жастар арасындағы өңірлік үнқатысу жөніндегі БҰҰ ОААДӨО бастамасының аясында жастар өкілдерімен өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауға арналған жеке сессия өткізілді.