
Лондон, 2020 жылдың 9 желтоқсаны – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров пен Ұлыбританияның халықаралық сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Ранил Джаяварденаның тең төрағалығымен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) жетінші пленарлық отырысы онлайн-форматта өтті. ҮАК жұмыс топтарының отырыстары да 10 қарашадан 3 желтоқсанға дейін онлайн-форматта ұйымдастырылды. Жалпы алғанда онлайн іс-шараға 100-ден астам адам қатысты.
Жұмыс топтарының қатысушылары, оның ішінде Ұлыбританияның бизнес топтарының 20-дан астам өкілі ҮАК өткен жылғы қызметінің нәтижелерін қарады, сондай-ақ екіжақты жанжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі. Бұдан басқа энергетика, қаржы және тау-кен секторларындағы, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында денсаулық сақтау және білім беру саласындағы өзара іс-қимылдардың келешегі талқыланды.
А. Айдаров іс-шараны аша отырып, коронавирустық пандемиядан туындаған әлемдегі ауыр эпедимиологиялық жағдайға қарамастан, Ұлыбританиядан тікелей инвестициялардың өсуі 33 пайызды құрағанын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан тікелей шетелдік инвестицияларды ғана емес, жаңа білім мен технологияларды да тартуға ұмтылатынын атап өтті. Осыған байланысты ол британиялық бизнес өкілдерін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Цифрландыру, көлік, логистика, агробизнес, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және тау-кен өнеркәсібі бағыттарында еліміздің экономикасы жылдам әртараптандырылуда. Қазақстан қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, ұзақ мерзімді тұрақты дамудың жаңа мақсаттарын белгіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын және ЕҚДБ бұрынғы президенті сэр Сума Чакрабарти кеңес беретін Реформалар бойынша жоғары кеңестің құрылуы біздің жарқын болашағымыздың жолындағы тағы бір маңызды қадам», – деп пікір білдірді ол.
Өз кезегінде Р. Джаявардена Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанның халықаралық деңгейдегі коммерциялық хабқа айналу әлеуеті туралы әңгімеледі. Осы мақсатқа жету үшін қажетті тауарларды, қызметтерді және қаржыландыруды, соның ішінде алдыңғы қатарлы сәулет, цифрлық технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру, қаржылық қызметтер, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін ұсынуда британиялық бизнестің шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді.
«Қарым-қатынастарымызды ары қарай нығайтуға және тереңдетуге тиіспіз. Планетамызды трансформациялайтын жаңа технологиялардың артықшылықтарын пайдалана отырып, болашақтың таза, неғұрлым әртараптандырылған және неғұрлым орнықты экономикаларын құруға міндеттіміз. Бірлесе отырып, бүкіл әлем бойынша еркін сауда мен халықаралық инвестицияларды ілгерілете аламыз», – деп атап өтті Р. Джаявардена.
Р.Джаявардена, сондай-ақ британдық бизнес Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция салуға аса мүдделі екенін ерекше атап өтті.
ҮАК шеңберінде қаржы және қаржылық қызметтер, білім беру, жер қойнауын пайдалану, энергетика және денсаулық сақтау бойынша бес жұмыс тобының отырыстары өткен.
Қаржылық қызметтер жөніндегі жұмыс тобының қатысушылары «жасыл» және тұрақты қаржыландыру үшін жаһандық бастамаларды, банк секторындағы «жасыл қаржы» және «жасыл» технологиялар тақырыптарын талқылады.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) өкілдері өз қызметінің, оның ішінде «жасыл қаржы» саласындағы белсенді жұмыстары туралы айтып берді. Олар аталған саладағы өңірлік көшбасшылық стратегиясын қабылдағаны туралы, сондай-ақ халықаралық стандарттарға негізделген «жасыл» облигацияларды шығару схемалары мен қағидаларын әзірлегендері жайлы британиялық тарапты хабардар етті.
Энергетика жөніндегі жұмыс тобы отырысының басты тақырыбы кен орындарын тұрақты игеру және жаңартылатын энергия көздері болды. Қазақстандағы ірі мұнай компаниялары өздерінің активтер қоржындарын экологиялық таза және төмен көміртекті қуат көздерін қамту үшін әртараптандыратындығы атап өтілді. Осыған байланысты компаниялар жаңартылатын қуат көздерін мұнай-газ операцияларына біріктіруге, технологиялық өзгерістерді қолдау үшін ұйымдастыру реформаларын жүргізуге, сондай-ақ еншілес компаниялар мен мердігерлер деңгейінде декарбонизациялау бойынша акциялар өткізуге ниеттеніп отыр. Отырыс аясында Қазақстанның 2050 жылға қарай энергия өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын көздердің 50%-тік үлесін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық мақсаты атап өтілді.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі жұмыс тобы шетелдік озық тәжірибені ескере отырып әзірленген Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс қабылданғаннан кейін Қазақстандағы саланы дамытудың оң үрдістерін талқылады. Сондай-ақ экологиялық реттеуді жетілдіруге, қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі жаңа директиваларды енгізуге, ең озық қолжетімді технологиялар мен автоматтандырылған экологиялық мониторингті пайдалануды жеңілдетуге бағытталған ҚР жаңа Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды.
Білім беру бойынша жұмыс тобының пікірталастары коронавирустан кейінгі кезеңде саланы одан әрі дамыту төңірегінде құрылды. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда EdTech бағытын қалыптастыру, интерактивті оқыту интернет-платформаларын құру, сондай-ақ елімізде цифрлық білім беруді дамыту сияқты тақырыптарды өте маңызды деп мәлімдеді.
Британиялық білім беру қызметтерін жеткізушілер қауымдастығының (British Educational Suppliers Association, BESA) және Британиялық кеңестің өкілдері цифрлық білім беру саласын дамытудағы өз тәжірибелері туралы, сондай-ақ Құрама Корольдікте карантиндік шектеулер жағдайында үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету бойынша қабылданған қадамдар туралы айтып берді.
Іс-шара барысында британиялық «Twig» компаниясы мен қазақстандық «Bilim Media Group» компаниясы www.twig-bilim.kz атты алғашқы бірлескен табысты платформасын таныстырды. Аталған платформа қазақстандық оқушылар мен студенттер арасында тез танымал болып келеді. Тараптар адамзат дамуының цифрлық дәуірінде мұндай платформалардың қажеттілігі сөзсіз озық қарқынмен өседі деген пікірге келді.
Денсаулық сақтау жөніндегі жұмыс тобы ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндаманы тыңдады. Бағдарлама аясында Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы қаржыландырылған 18 жаңа аурухана салу жоспарлануда.
Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына және екіжақты келіссөздерге қатысушылар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері бойынша келісе отырып, коронавирустан кейінгі дағдарыстың күрделі жағдайларында Қазақстан-Британ стратегиялық әріптестігін одан әрі кеңейтуге деген өзара ниетін растады.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысының хаттамасына қол қойылып, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарлар бекітіледі.