
Нұр-Сұлтан, 2020 ж. 3 желтоқсаны – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Канаданың Сыртқы істер, сауда және даму министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде 2020 жылғы 2 желтоқсанда Курчатов қаласындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» (ҚР ҰЯО) РМК-ға асыл газдарға мониторинг жүргізетін радионуклидтік станциясы жеткізілді.
Станция ҚР ҰЯО аумағында арнайы әзірленген алаңшада орналастырылған және барлық қажетті техникалық рәсімдерден өткеннен кейін пайдалануға берілетін болады.
Радионуклидтік мониторинг станциясын «ынтымақтастық элементі» ретінде орналастыру Қазақстан мен Канаданың Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТСШ) верификациялық режимін нығайтуға бірлесіп қосқан үлесі болды.
1999-2006 жылдары Қазақстанда ЯСЖТСШҰ халықаралық мониторинг желісінің (ХМЖ) бес жаңа станциясының құрылысы жүзеге асырылған: төрт сейсмикалық және бір инфрадыбыстық. Барлық станциялар Халықаралық сертификаттаудан сәтті өтті және тәулік бойы үздіксіз режимде жұмыс жасайды.
Бұған қоса, ЯСЖТСШ-ны қолдау мақсатында және екіжақты келісімдер шеңберінде тағы 11 станция жаңғыртылып, ұлттық әлеуетті ынтымақтастық нысандары ретінде жұмыс істеуде.
Радионуклидтік станция пайдалануға берілгеннен кейін оны ЯСЖТСШҰ ХМЖ-ға қосу үшін сертификаттаудан өткізіледі. Осылайша, халықаралық мониторинг жүйесінде қолданылатын бақылаудың төрт технологиясының үшеуі - сейсмикалық, инфрадыбыстық және радионуклидтік түрі Қазақстанда жұмыс жасайтын болады.
Анықтама ретінде: ЯСЖТСШ шеңберінде құрылатын тексеру режимі сейсмологиялық, радионуклидтік, гидроакустикалық, инфрадыбыстық бақылау жүйелері жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ консультациялық рәсімдерді, жергілікті жерлердегі инспекцияларды және қауіпсіздік шараларын қамтитын халықаралық мониторинг жүйесін (ХМЖ) қамтиды.
Ядролық сынақтарға мониторингтің халықаралық жүйесі 337 бақылау станциясынан (170 сейсмикалық станция, 11 гидроакустикалық, 60 ультрадыбыстық, 80 радионуклидтік станция және 16 радионуклидтік зертхана) тұратын болады. Шамамен 90 елде құрастырылатын осы станциялардың орналасу орындары нақты уақыт режимінде бүкіл әлемдегі ядролық нысандарға жаһандық бақылауды қамтамасыз етуді ескере отырып айқындалады.
Радионуклидтік станцияны орнату жөніндегі жобаны тиімді ілгерілету Қазақстан мен Канаданың жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге арналған көпжақты алаңдардағы табысты өзара іс-қимылының нәтижесі болып табылады.