Қазақстан мен Вьетнам қарым-қатынастарын тереңдетуге ниет расталды

Қазақстан мен Вьетнам қарым-қатынастарын  тереңдетуге ниет расталды

2020 жылғы 27 қараша, Нұр-Сұлтан – Бейнеконференция форматында Қазақстан және Вьетнам Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың 8-ші раунды өтті.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, вьетнамдық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары То Ань Зунг басқарды.

Консультациялар барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастардың ахуалы мен келешегі талқыланды.

Ынтымақтастықтың шарт-құқықтық базасын одан әрі кеңейту туралы пікір алмасу өтті. Бірқатар жекелеген мәселелер Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес және тағы басқа да сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы өзара
іс-қимылға арналды.

Іс-шараның қатысушылары коронавирус пандемиясына байланысты жағдай тұрақтандырылғаннан кейін екі ел арасында визасыз режимді орнатудың және тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндіктерін талқылады.

Отырыстың қорытындысымен тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге ниеттерін растады.