НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 28 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше және бақылаушы мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары басшыларына арналған брифингі өтті.
Брифинг барысында Ш.Нұрышев Қазақстанның 2020-2022 жылдары АӨСШК-ке төрағалығының басымдықтары туралы жан-жақты баяндады.
Оның сөзінде атап өтілгендей, кеңес мүшелері санының 27 елге дейін артуы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АӨСШК шақыру туралы идеясының қазіргі геосаяси жағдайдағы өзектілігі мен қажеттілігін көрсетеді.
Осыған орай, Азия аумағындағы мемлекеттер арасында сенімді нығайту үшін, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті проблемаларын шешудің тиімді жолдарын бірлесіп іздестіруде қазақстандық төрағалық АӨСШК аясында ашық әрі сындарлы диалогты ілгерілетпек.
Қазақстан төрағалығының басымдықтарының бірі Кеңесті одан әрі институционализациялауды ілгерілету аталды, атап айтқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АӨСШК Даналар кеңесін, АӨСШК Қорын құру және АӨСШК Талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыру туралы бастамалар.
Соңғы әлемдік үрдістерді ескере отырып, қазақстандық төрағалық Кеңеске мүше мемлекеттердің эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау, экономиканы цифрландыру және т.б. салалардағы ынтымақтастығын дамытуға ниетті. Трансұлттық қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру үшін басқа өңірлік ұйымдар және форумдармен өзара іс-қимылдың кооперативтік әлеуетін белсенді пайдалану жоспарлануда.
Қатысушылар АӨСШК-ті одан әрі дамыту үшін қазақстандық төрағалықпен тығыз өзара іс-қимылда болуға дайын екендіктерін білдірді.