
НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 27 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Ханиф Атмармен телефон арқылы сөйлесті.
Ауғанстан тарапының бастамасы бойынша өткен сұхбат барысында, тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу мәселелерін талқылады.
М.Атмар Қазақстан тарапынан Ауғанстан халқына көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек үшін зор ризашылығын білдірді.