ҚР СІМ және АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеді

ҚР СІМ және АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі  дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық  мүмкіндіктерін зерделеді

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Рәпіл Жошыбаев Орталық Азия бойынша USAID өңірлік миссиясының директоры Кристофер Эдвардспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) саласындағы өзара іс-қимылдың әлеуетті бағыттары мен келешек бірлескен үшжақты форматтағы жобаларды іске асыру жоспарлары талқыланды.

Қазақстандық дипломат ұлттық ДРК жүйесін қалыптастыру аясында осы саладағы ұлттық операторды құру бойынша ҚР СІМ-нің жүргізіп отырған жұмысы туралы хабардар етті. Қазақстандық тарап Орталық Азия елдерімен халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру, шекара маңындағы арнайы сауда-экономикалық аймақтарын ашу, сондай-ақ таза ауыз сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және т.б. жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, ҚР СІМ өкілі Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық қалпына келуі және мемлекеттік басқару, білім және денсаулық сақтау салаларын дамытуға бағытталған Қазақстанның АИР-ға тұрақты түрде көрсетіп жатқан көмегі туралы әңгімелеп берді.

Өз кезегінде, USAID өңірлік миссиясының басшысы «KazAID» агенттігін құруды жылы қабылдап, ұлттық ДРК жүйесін дамытуға техникалық көмек көрсетуге және Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақтылықты нығайтуға үлес қоса алатын бұл саладағы тәжірибемен бөлісуге әзірлігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ДРК саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму және халықтың әл-ауқатын жоғарылатуға бағытталған нақты жобаларды іс жүзінде іске асыру туралы уағдаласты.