
НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 21 қыркүйек – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Рәпіл Жошыбаев Израильдің Қазақстандағы Елшісі Лиат Вексельманмен дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Кездесу барысында ДРК саласындағы өзара іс-әрекетестіктің ықтимал бағыттары, соның ішінде үшжақты ынтымақтастық арқылы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстандық сыртқы саяси ведомствоның өкілі ұлттық ДРК жүйесін қалыптастыру, ҚР СІМ-нің бұл саладағы ұлттық операторын құру бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті. ДРК саласындағы үшжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өте келе, Р.Жошыбаев қазақстандық жетекші клиникаларда ауған дәрігерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Л.Вексельман қазақстандық тараптың «KazAID» агенттігін құру туралы шешімін оң қабылдап, оның ерекше маңыздылығын және әлемде коронавирус індетінің таралуы кезіндегі оның рөлін атап өтті, сондай-ақ Қазақстанның мұндай маңызды саладағы қызметі Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бұл тұрғыда израильдік дипломат пандемияның салдарына қарамастан, елдер бір біріне көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын атап өтіп, өз мемлекетінің Қазақстанға дәрі-дәрмектер мен медициналық маскалар түрінде гуманитарлық-экономикалық көмек көрсеткенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Л.Вексельман ҚР Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы қызметіне жоғары баға берді және «МАШАВ» израильдік халықаралық ынтымақтастық агенттігінің жобасы шеңберінде құрылған Ақтөбе қ. медициналық маскалар тігу цехіне бару жоспары туралы хабардар етті.
Өз кезегінде, Р.Жошыбаев израиль тарапының ДРК саласындағы мол тәжірибесін атап өтіп, келешекте тиісті екіжақты келісімге қол қою туралы ұсыныс білдірді, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ауғанстанда су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және т.б. салаларда жобаларды іске асыру маңыздылығына назар аударды.
Кездесудің нәтижесі бойынша тараптар Ауғанстан мен Орталық Азия елдері үшін ДРК саласындағы жаңа бірлескен жобаларды әзірлеуде және оларды іске асыруда өзара іс-әрекеттесу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.