Қазақстан - Әзербайжан қатынастары
Негізгі даталар
1992 ж. 27 тамыз - дипломатиялық қатынастар орнатылды.
1993 ж. 9 қантар – ҚР-дың ӘР-дағы Елшілігі ашылды.
2004 ж. 1 наурыз - ӘР-дың ҚР-дағы Елшілігі ашылды.
2008 ж. 6 қыркүйек – ӘР-ның Ақтау қаласындағы Бас консулдығы ашылды.
2019 ж. 30 қыркүйектен бастап - ҚР-дың ӘР-дағы Елшісі С.Әбдікәрімов.
2021 ж. 16 шілдеден бастап - ӘР-дың ҚР-дағы Елшісі А.Атамогланов.
Саяси диалог
Қазақстан мен Әзербайжан арасында екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша көпқырлы өзара іс-қимылмен сипатталатын стратегиялық серіктестік пен одақтастық орнады.
2022 жылғы 24 тамызда ҚР Президенті Қ.Тоқаев Әзербайжанда ресми сапармен болып, онда ӘР Президенті И.Әлиевпен келіссөздер жүргізді.
2022 жылғы 13 қазанда ҚР Президенті Қ.Тоқаев ӘР Президенті И.Г.Алиевпен оның АӨСШК-тің Астанадағы 6-шы саммитіне қатысу сапары аясында кездесті.
Жоғары деңгейдегі байланыстар
Ең маңызды оқиғалар арасында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Е.Қазыханның (2022 ж. 24-25 сәуір), ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусинның (2022 ж. 26-27 мамыр), ҚР Энергетика министрі Б.Ақшолақовтың (1-3 маусым 2022 ж.), ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешевтің (2022 ж.21 қазан), ҚР Ішкі істер министрі М.Ахметжановтың (2023 ж. 23 ақпан), ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Е.Тұқымовтың (2022 ж.23 мамыр), «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетовтің (2022 ж.7-8 шілде), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Н.Тағанұлының (2022 ж.19 қазан), «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Е.Мұқановтың (2022 ж.7-8 желтоқсан), «KazakhExport» ЭСК» АҚ төрағасының орынбасары Қ.Мұқажановтың (2022 ж.16-19 қараша), ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А.Жамбакиннің (2022 ж. 14-16 желтоқсан) және т.б.-дың сапарлары аясындағы екіжақты шаралар аталады.
Парламенттік дипломатия
Парламентаралық диалогты ілгерілетуге қатысты жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді.
2022 жылғы 16 мамырда ЭЫҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысына қатысу аясында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Б.Кесебаеваның Әзербайжанға сапары болып өтті.
2022 жылғы 5-8 мамырда Әзербайжанға ҚР Парламенті Мәжілісінің А.Хамедов, Г.Нұрымова, З.Қамасова сынды депутаттардан құралған парламенттік делегациясының сапары болып өтті.
2022 жылғы 21 қарашада Әзербайжанға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Сарымның «Жаңа Әзербайжан» партиясының 30-жылдығына арналған іс-шараларға қатысуы аясындағы сапары болды.
Ынтымақтастықтың екіжақты механизмдері
Қазақ-әзербайжан трегінде екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға көмек беріп отырған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес, Сарапшылық кеңес, ҚР мен ӘР-дың Баку және Астана қалаларында орналасқан Сауда үйлері, сауда-экономикалық миссиялар сияқты ынтымақтастықтың екіжақты тетіктері тиімді жұмыс жасауда.
Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық
Әзербайжан Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі болып табылады.
2022 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда айналымы 461,9 млн. долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (332,2 млн. доллар) 39%-ға жоғары. Бұл ретте Қазақстан экспорты осы кезеңде 30,4%-ға өсіп, 375,3 млн. долларды құраса, Әзербайжаннан жасалатын импорт 95,2% өсіп, 86,6 млн. доллар болды.
2005-2022 жылдар аралығында Әзербайжаннан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 306 млн. долларды, ал Қазақстаннан Әзербайжанға - 95 млн. долларды құрады.
Қазақстанда әзербайжандық капитал қатысатын 900-ден астам компания тіркелген, олар негізінен сауда-делдалдық қызмет, жол және күрделі құрылыс, өңдеу және логистика салаларында жұмыс істейді. Өз кезегінде, Әзербайжанда Қазақстандық капиталдың қатысуымен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету, құрылыс және көлік салаларында жұмыс жасайтын 150-ге жуық компания бар.
Транзит-көліктік өзара әрекеттесу
Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ немесе Орталық дәліз) аясындағы транзит-көліктік ынтымақтастық Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды өсіретін драйверлердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда екі елде заманауи көлік инфрақұрылымы құрылып, халықаралық теңіз сауда порттары арасында тығыз байланыс орнаған. «Баку-Ақтау-Баку» бағыты бойынша паром қатынасы бар.
Өңірдегі геосаяси шиеленіс екі елді Орталық дәліздің бар әлеуетін пайдалана отырып, тығыз ынтымақтастық жасауға итермелей түсті. 2022 жылғы 25 қарашада Қазақстан, Әзербайжан және Түркия аумақтары арқылы өтетін Орталық дәлізді дамыту мен ондағы «тар жолдарды» бір мезгілде жою жөніндегі 2022-2027 жылдарға арналған үшжақты Жол картасына қол қойылды.
Азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимыл дамып келеді. Бүгінгі таңда жалпы жиілігі аптасына 15 рейс болатын «Алматы-Баку», «Астана-Баку», «Ақтау-Баку» бағыты бойынша (COVID-2019 пандемиясына байланысты тоқтап қалған болатын) тікелей рейстер қалпына келтіріліп, «Астана-Ақтөбе-Баку» жаңа бағыты ашылды.
Каспий теңізінің түбі арқылы Қазақстан-Әзербайжан бағытында талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту жобасы жүзеге асу сатысында тұр.
Жоба ақпараттық технологиялар саласында халықаралық стандарттарға сай келетін транзиттік инфрақұрылымның құрылуын көздейді. ТОБЖ сонымен қатар екі елдің Еуропа – Орталық Азия – Қытай бағытындағы транзиттік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Энергетика саласындағы ынтымақтастық
Қазақ мұнайын транскаспийлік бағыт арқылы әлемдік нарықтарға тасымалдау мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып табылады. Халықаралық нарықтарға Қазақстаннан Каспий теңізі мен Әзербайжан аумағы арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының (бұдан әрі - БТД) көмегімен мұнай тасымалдауды қолдау және жеңілдету туралы келісім ерекше маңызға ие.
Бүгінгі таңда қазақ мұнайын БТД арқылы тасымалдау «ҚазМұнайГаз» мен SOCAR арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылуда, әрі онда жылына 1,5 млн. тонна мұнай транзиті қарастырылған.
Қазақ астығының жеткізілімі
2022 жылы қазақ астығының Әзербайжанға экспорты 96,1 млн. доллар сомасына тең 280,7 мың тоннаны құрады. 2021 жылмен салыстырғанда (52,7 мың) экспорт көлемі 432,2%-ға, ақша түрінде 506,8%-ға өсті.
Әзербайжан импортының жалпы көлемінде қазақ астығының үлесі 21,7% құрады.
Бірлескен ірі жобалар
1. Қазақ астығын қабылдау және қайта тиеуге арналған «Баку астық терминалы» атты қазақ-әзербайжан бірлескен кәсіпорны 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. ҚР тарапының құрылтайшысы «Ақ Бидай-Терминал» АҚ («Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ-ның еншілес кәсіпорны), ӘР тарапынан – жеке инвестор. Жобаның бағаланған құны 3,8 млн. долларды құрайды.
2. 2016 жылы әзербайжандық «Azersun Holding» компаниясы «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында әзербайжандық жеміс-көкөніс өнімдерін қабылдау, сақтау, өңдеу және тасымалдауға арналған Логистикалық орталық салды. Жобаға 20 млн. еуроға жуық инвестиция құйылған.
3. 2019 жылғы маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Satti» атты өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын әзербайжандық SOCAR компаниясына сенімді басқаруға берді. Оны жаңғырту қазақ қаражаты есебінен (шамамен 40-45 млн. доллар) жүзеге асырылды.
Білім беру
Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші ЖОО-лары арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді, ҚР мен ӘР оқу орындарында оқу және ғылыми тағылымдамадан өту бойынша екі ел студенттерінің тұрақты түрде алмасуы болып отырады.
2017 жылы Қазақстан Білім және ғылым министрлігі мен Әзербайжан Білім министрлігі арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық, екі мемлекеттің азаматтары үшін білімге тең құқықтар мен оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, тәжірибе және оқушылармен алмасу, білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, білім беру бойынша мемлекеттік үлгідегі баламалы құжаттарды тануды және белгілеуді қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды. 2020 жылы ҚР Үкіметі мен ӘР Үкіметі арасында жоғары білікті ғылыми және педагогикалық кадрларды аттестаттау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Екі елдің ЖОО-лары арасында байланыс орнатылды. Мәселен, Баку мемлекеттік университеті Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетімен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен, Қазақ-Америка университетімен, Есенов университетімен, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен, Х.Досмұхамедов ат. Атырау мемлекеттік университетімен, Сәулет және азаматтық құрылыс академиясымен серіктестік келісімдерін жасасқан. Қазіргі күні сондай-ақ 43 қазақ және 64 әзербайжандық ЖОО-лары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнаған.