Қазақстан Республикасы мен Ливан Республикасы
арасындағы қатынастар
Жалпы мәліметтер.
Қазақстан Республикасы мен Ливан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылы 20 сәуірде ноталармен алмасу арқылы орнатылды.
ҚР-ның Бейруттағы Дипломатиялық миссиясы 2004 ж.наурыз айынан бастап жұмыс істейді (ҚР Президентінің 2004 ж. 17 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын ашу туралы» №1309 Жарлығы). Миссияның басшысы - Е. Қалекенов (2019 ж. мамыр айынан бастап.
2015 ж. бастап 2019 ж. маусымына дейін ҚР-ның Иорданиядағы Елшісі А. Бердібай Қазақстанның Ливандағы Елшісі қызметін қоса атқарды.
Ливан өз Елшілігін 1994 ж. 6 қыркүйекте Алматыда ашты. 1997 ж. Ливан тарапы дипломатиялық өкілдігін жабу туралы шешім қабылдады. 2007 ж. қарашада Қазақстандағы Ливан Елшілігінің қызметі қалпына келтірілді. 2018 ж. мамыр айынан бастап Ливанның Нұр-Сұлтандағы Елшісі - Жискар әл-Хури.
2002 ж. бастап ливандық кәсіпкер Ю.Канаан Қазақстан Республикасының Ливандағы Құрметті консулы болып табылады.
Саяси ынтымақтастық.
2003 ж. тамызда Ливан Премьер-министрі Рафик Харири ресми сапармен Қазақстанда болды. Оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт лидері Н.Назарбаев қабылдады, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Премьер-министрі және Сыртқы істер министрімен келіссөздер өткізді. Сапар қорытындысы бойынша екі елдің премьер-министрлері Қазақстан мен Ливан арасындағы Өзара түсіністік туралы декларацияға қол қойды. Бұл құжат тараптардың екіжақты саяси қарым-қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту ниеттерін бекітті.
2004 ж. маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы сапармен Бейрутта болды. Сапар барысында Мәжіліс Төрағасы Ливан Президенті Э.Лахудпен, Премьер-министрі Р. Хариримен, Парламент төрағасы Н.Берримен және Сыртқы істер министрі Дж.Обейдпен кездесті.
2010 ж. сәуірде ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Ливанға ресми сапары болды. Оның шеңберінде Президент М.Сулейман, Парламент төрағасы Н.Берри, Премьер-министр С.Харири, Сыртқы істер және эмигранттар министрі Али Хасан аш-Шамименкездесулері өтті. Сапар барысында екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы екіжақты консультациялар туралы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Ливанның бұрынғы премьер-министрі Ф.Синиора VІI Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумына (маусым 2011 ж.) және VІI Астана экономикалық форумына (мамыр 2014 ж.) қатысты. Бұл іс-шаралар барысында оны ҚР Парламентінің Сенаты пен Мәжілісінің төрағалары, Премьер-Министрі, Сыртқы істер министрі қабылдады, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары және ЭКСПО-2017 Бас директорымен кездесті .
Ливан Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының 2013-2015 жж. мүшелігіне, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жж. тұрақты емес мүшелігіне, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге кандидатурасын қолдады.
2012 ж. 27-29 тамызда «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференция аясында Ливан Парламентінің депутаты С.Сааде бастаған делегация Қазақстанда болды.
2017 ж. 10-11 қыркүйекте Ливанның Энергетика және су ресурстары министрі С.Аби Халил ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі 1-ші саммитінің жұмысына қатысты.
2017 ж. 5 шілдеде Бейрутта екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың бірінші раунды өтті.
Ливан СІМ Саяси және консулдық мәселелер бойынша департаментінің директоры елші Ғади әл-Хури 2019 ж. 1-2 тамызда және 10-11 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Астана процесі шеңберіндегі Сирия бойынша жоғары деңгейлі кездесулердің сәйкесінше 13-ші және 14-ші раундтарына қатысты.
Ливанның Сауд Арабиясындағы Елшісі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы тұрақты өкілі 2019 жү 27-29 тамызда Жидда қаласында (Сауд Арабиясы) өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас ассамблеясының 2-ші кеңесіне қатысты.
2019 ж. 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразия елдерінің парламенттері төрағаларының «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты IV жиналысына Ливан Парламентінің депутаттары Ғази Заайтер және Джихад ас-Самад қатысты.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық.
2019 жылдың 9 айында өзарасауда айналым көлемі 6,1 млн. АҚШ долл. құрды (экспорт – 5,9 млн., импорт – 151 мың), 2018 ж. бұл көрсеткіш 8,8 млн. АҚШ долл. (экспорт - 8,5 млн., импорт - 215 мың), ал 2017 ж. - 3,2 млн. АҚШ долл.(экспорт - 2,8 млн., импорт - 371 мың) болды.
2019 ж. қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 1,47 млн. жетті (экспорт - 1,6 млн., импорт - 15,9 мың).
1997 ж. қыркүйегінде екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды қалыптастыру және инвестициялық жағдайлармен танысу мақсатында Ливан өнеркәсіпшілер қауымдастығының делегациясы мен «әл-Мабани» компаниясының өкілдері Қазақстанда болып,экономика және сауда, ауыл шаруашылығы министрліктерінде, сондай-ақ Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетінде, Сауда-өнеркәсіп палатасында, Астана әкімдігінде келіссөздер өткізді.
2012 ж. 12-17 шілдеде Ливанда іскер топтар ассамблеясының отырысы өтті, ол Қазақстан мен Ливанның шағын және орта бизнес өкілдері, университеттер, ғылыми және қоғамдық институттар мен қауымдастықтары арасындағы қарым-қатынастарды айтарлықтай жандандырды.
2014 ж. 1 қазанда Бейрутта «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық климаттың тартымдылық факторлары» атты бизнес-форум өтті.
2019 ж. 6 науразды Триполи қаласының «Элит» мәдени-білім орталығында қала қоғамдастығымен кездесу өтті, ал 7 наурызда Ливан университетінің солтүстік филиалында Қазақстан күні ұйымдастырылды.
Қазақстан нарығында бірқатар ливандық компаниялар табысты жұмыс істейді. «ССС» компаниясы Нұр-Сұлтан қаласының құрылысына үлес қосты, елорданың символы –«Бәйтерек» пен қалалық саябақтың құрылысына қатысты. Қазіргі уақытта «ССС» Нұр-Сұлтандағы Абу-Даби Плаза жобасын іске асыруға қатысатын қосалқы мердігер болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстан нарығында «Dar Al-Handasah», «Azadea Kazakhstan», «Paladin» және «Ruby Rose» сияқты компаниялар жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Қазақстанд Ливанның Орталық Азиядағы ең перспективті серіктестерінің бірі деп санауға болады.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық.
2010 ж. тамызда Бейрут Американдық университетінің (AUB) Өңірлік сыртқы бағдарламаларды дамыту жөніндегі вице-президенті Х.Диаб бастаған делегация Қазақстандаболды.
2013 ж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры А.Мұхамедиұлы бастаған шығармашылық топтың Бейрутқа сапары ұйымдастырылды. Сапар барысында концерт өткізіліп, Ливан университетімен Шығармашылық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
2014 ж. сәуірде Ливанда «Қазақстан-Ливан қарым-қатынасы: сәтті серіктестіктің 20 жылы» кітабының тұсаукесері өтті.
2012 ж. Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы арқылы Ливан Үкіметіне Ливандағы сириялық босқындарды қамтамасыз ету үшін 200 мың доллар бөлді.
Ливан жазушылары Юсеф Муртада және Абдулсамад Уаджди 2019 ж. 4-6 ұыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия елдері жазушыларының І-Форумына қатысты.
Әскери ынтымақтастық
2016 ж. 2-4 маусымда Ливан Қарулы Күштерінің штаб бастығы генерал В.Салман бастаған делегация Астанадағы «КАДЕКС-2016» мамандандырылған көрмесіне қатысты. Іс-сапар барысында ҚР Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовпен келіссөздер жүргізіліп, әскери саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жолдары талқыланды.
2018 ж. 15 маусымда ҚР Парламенті бітімгерлер ретінде Үндістан Республикасының қарулы күштерінің құрамында Ливандағы «БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысуға 120 адамға дейін қазақстандық әскерилерді жіберуді мақұлдады. Бітімгершілік контингент 2018 жылдың қазан айының соңында жіберілді.
2019 ж. 13-14 мамырда ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевтың Ливанға жұмыс сапары шеңбероінде қазақстандық әскерлердің жоспарлы ротациясы өтті.
2019 ж. 26 қарашада UNIFI құрамындағы қазақстандық әскерилердің кезекті ротациясы ұйымдастырылды.