Қазақстан – Малайзии қатынастары
Жалпы мәліметтер
Екіжақты ынтымақтастық Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін Малайзия 1991 жылғы 31 желтоқсанда мойындаған уақыттан басталды.
Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 16 наурызда орнатылды.
Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Малайзия арасында сындарлы және сенімді диалог орнады. Қазақстан–Малайзия қатынастары дамудың серпінді сипатына ие, ал көпжақты ынтымақтастық өңірлік және халықаралық ұйымдар шеңберінде жалғасуда.
1996 жылы Қазақстан Куала-Лумпур қаласында өз Елшілігін ашты, ол Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі алғашқы шетелдік өкілдік болды. Сол жылы Малайзияның Қазақстандағы Елшілігі де ашылды.
1996 жылдан бастап Астана мен Путраджая бауырлас қалалар болып табылады.
2021 жылғы ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып Болат Болатұлы Сүгірбаев тағайындалды.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Малайзияның Қазақстандағы Елшісі Мохд Адли Бин Абдулла болып табылады.
Жоғары деңгейдегі сапарлар
1996 ж. – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Малайзияға ресми сапары.
1996 ж. – Малайзия Премьер-Министрі Махатхир Мохамадтың Қазақстанға ресми сапары.
2006 ж. – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Малайзияға мемлекеттік сапары.
2011 ж. – Малайзия Премьер-Министрі Н.Раззактың Қазақстанға ресми сапары.
2012 ж. – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Малайзияға мемлекеттік сапары.
2014 ж. – Малайзия Премьер-Министрі Н.Разактың Қазақстанға ресми сапары.
СІМ аралық консультациялар
2017 ж. 13 маусымда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Камалдинов пен Малайзия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Р.Ибрагим деңгейінде СІМ аралық саяси консультациялар өтті.
Парламентаралық ынтымақтастық
Қазақстан мен Малайзия парламентаралық ынтымақтастық аясында өзара іс-қимылды дамытуды жалғастыруда.
2013 ж. – Малайзия Парламенті Сенатының Төрағасы А.Уджангтың Қазақстанға сапары.
2019 ж. – Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-ші кездесуіне қатысу үшін Малайзия Парламенті Өкілдер палатасының спикері М.Арифтің Қазақстанға сапары.
2019 ж. – Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Өтемісовтің Малайзияға сапары.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
2022 ж. екі елдің тауар айналымы 144,7 млн АҚШ долл. құрады (экспорт – 485,1 мың доллар, импорт – 144,2 млн доллар). 2021 ж. аяғында – 103,9 млн АҚШ долл. (экспорт – 1,2 млн долл., импорт – 102,7 млн долл) құрады. Ал, 2020 ж. 183 млн АҚШ долл. (экспорт – 56,6 млн долл., импорт – 126,5 млн долл.) құрады.
Халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттестік
Халықаралық аренадағы ынтымақтастық және өзара қолдау – екі елдің сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан мен Малайзия халықаралық лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес, мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы диалог, дамушы елдер үшін сауда мен инвестициялардың әділ жүйесін құру және т.с.с. жаһандық күн тәртібінің өзекті проблемалары бойынша ортақ ұстанымдарға ие.
Астана мен Куала-Лумпур БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК (Малайзия байқаушы мәртебесіне ие), Азиядағы ынтымақтастық диалогы және басқа да халықаралық және өңірлік институттар, оның ішінде халықаралық ұйымдардағы кандидатураларды өзара қолдау шеңберінде белсенді іс-қимылдарды жүзеге асырып келеді.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
Мәдени-гуманитарлық саладағы Қазақстан-Малайзия ынтымақтастығы жоғары белсенділікпен сипатталады. Малайзияда Қазақстанның мәдениет күндері, оның ішінде Наурыз мерекесі, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар мен шығармашылық топтардың концерттері, сондай-ақ екі ел халықтарының рухани жақындасуына ықпал ететін спорттық іс-шаралар өтуде.
Елдер арасында білім және ғылым саласында берік өзара іс-қимыл орнатылған. 2012 жылғы 18 сәуірде жоғары білім беру саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды, жоғары білім беру бойынша Қазақстан-Малайзия бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазақстан мен Малайзияның жоғары оқу орындары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы 10-нан астам меморандумға қол қойылды.