Жалпы мәліметтер
1993 ж. 11 қаңтар – Қазақстан Республикасы мен Кувейт Мемлекеті арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылды.
2014 жылы Кувейтте ҚР-дың Елшілігі ашылды.
2015 жылы ҚР-да Кувейттің Елшілігі ашылды.
2020 жылғы қазаннан бастап Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Бердібай болып табылады.
2022 жылғы шілдеден бастап Кувейттің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі О.Әл-Кандари болып табылады.
Аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 ж. 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Кувейт Мемлекетіне жасаған ресми сапары кезінде қаланды.
2020 ж. 15 ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының аясында Кувейт Мемлекетінің Премьер-министрі шейх Сабах Халид Әл-Хамад Ас-Сабахпен кездесті.
2023 жылғы 19 шілдеде «Орталық Азия – ПШАМЫК» бірінші саммитінің шеңберінде кувейт тарапының бастамасымен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мишааль Әл-Ахмад Әл-Джабер Ас-Сабахпен кездесті.
2023 ж. 19 желтоқсанда ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Ә.Нұртілеу бастаған Қазақстанның үкіметтік делегациясының Кувейтке сапары өтті. Сапар барысында ҚР делегациясының басшысы Кувейт Мемлекетінің Әмірі шейх Мишааль Әл-Ахмад Әл-Джабер Ас-Сабахпен кездесу барысында Кувейттің 16-шы Әмірінің қайтыс болуына орай көңіл айтты және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жеке жолдауын жеткізді.
Парламентаралық ынтымақтастық
2002 ж. қазанда Орталық Азия елдеріне жасаған турне аясында Кувейт Ұлттық Ассамблеясының делегациясы Қазақстанға іссапар жасады.
2010 ж. 25-26 маусымда Кувейт Мемлекетінің Ұлттық Ассамблеясының парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшесі, депутат Уалид Мусаид әл-Табтабаги бастаған Кувейт парламенттік делегациясы Қазақстанда ресми сапармен болды.
2019 ж. 22-24 қыркүйекте Кувейт Ұлттық ассамблеясының төрағасы Марзук Әли Әл-Ғаним бастаған кувейттік делегация Астана қ. өткен «Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кеңесінің» жұмысына қатысты.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
2023 жылы тауар айналымы 3,6 млн. долл. құрады. Кувейтке қазақстандық экспорт көлемі 2,9 млн. долл. болды.
Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Кувейт үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) сынды тетігі арқылы өзара тиімді іс-қимылдарын институттандыру елдеріміз арасындағы қатынастардың сенімгерлік сипатының дәлелі болып табылады. ҮАК-тің 1-ші отырысы 2008 ж. қарашада Астана қ., 2-ші отырысы 2010 ж. қаңтарда Әл-Кувейт қ., ал 3-ші отырысы 2013 ж. 23-24 қыркүйекте Астана қ. өтті.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
2008 ж. 15-16 желтоқсан аралығында Кувейтте Қазақстанның Мәдениет күндері өтті.
2018 ж. 12-15 қаңтар аралығында А.Мұхитдинованың жетекшілігімен «Астана Опера» опера және балет театрының камералық оркестрі Кувейтте өткен Гарин фестиваліне қатысты.
2008 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің студенттері Кувейт мемлекеттік университетінің тіл орталығында жыл сайын екіжылдық араб тілі курстарында білім алуда.
2021 ж. 10-20 қыркүйек аралығында Шымкент қ. өткен стенд ату бойынша 14-ші Азия чемпионатына 16 кувейттік спортшы қатысты.
2021 ж. 19-22 желтоқсан аралығында Алматы қ. каратэ спортынан өткен 17-ші Азия чемпионатына Кувейттік 40 спортшы қатысты.
2022 ж. 13-16 қазан аралығында Кувейтте жеңіл атлетикадан 18-жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы 4-ші Азия чемпионатына Қазақстандық ұлттық құрама командасы қатысты. Спорт сайысына қатысқан Қазақстанның ұлттық құрамасының спортшылары – 3 алтын, 4 күміс және 1 қола медальдарының жүлдегері атанды.
2022 ж. 7-24 желтоқсан аралығында қысқы маусымдық дайындық және Кувейттің ұлттық құрамасымен сайыс өткізу мақсатында «Қазақстандық спорттық ату федерациясының» спортшылары Әл-Кувейт қ. болды.
2023 ж. 28-29 сәуір аралығында Кувейтте дзюдо спортынан қыздар мен жігіттер арасында өткен «Азия кубогы-2023» сайысына Қазақстандық ұлттық құрама командасының спортшылары қатысып, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальдарының жүлдегері атанды.
2023 ж. 8-10 қараша аралығында Алматы қ. каратэ спортынан жастар арасында өткен Азия чемпионатына Кувейттің ұлттық құрамасы қатысты.