1992 жылы 6 наурызда дипломатиялық қатынастар орнатылды.
1993 жылы сәуірде Қазақстанның Каирдегі Елшілігі ашылды.
2020 жылдың қыркүйегінен бастап Қ.Қ.Лама Шариф Қазақстанның Мысырдағы Елшісі.
1992 жылдың тамызында Мысырдың Қазақстандағы Елшілігі ашылды.
2023 жылдың желтоқсанан бастап Ибтисам Ракха Хассан ханым Мысырдың Қазақстандағы Елшісі.
Жоғарғы деңгейдегі сапарлар
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Мысырға үш рет ресми сапармен (1993, 2007, 2008 жж.) барды.
Мысыр Президенті Х.Мүбарак бір 2006 жылғы 7-8 қарашада Қазақстанға ресми сапармен келді.
Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға ресми сапары 2016 жылғы 26-28 ақпанда өтті.
2015 жылғы 5 мамырда Мысыр тарапының бастамасымен ҚР Президенті Н.Назарбаев пен МАР Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси арасында телефон сұхбаты өтті. 2015 жылғы 9 мамырда Мәскеуде фашизмді жеңудің 70 жылдығын мерекелеу аясында екі ел басшыларының алғашқы кездесуі өтті.
2022 жылғы 24 ақпанда Мысыр тарапының бастамасымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың МАР Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен телефон сұхбаты өтті.
Парламентаралық ынтымақтастық
2022 жылғы 20-21 ақпанда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың Мысырға ресми сапары өтті. Сапар барысында ол МАР Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Уахаб Әбделразекпен, Әл-Азхар Бас имамы, шейх Ахмад Ат-Тайебпен кездесті.
2023 ж. 4-5 маусым аралығында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев Мысырға жұмыстық сапармен барып, Сұлтан Бейбарыстың 800-жылдығын мерекелеу аясында көне мешіттің ашылу рәсіміне қатысты.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
Қазақстан мен Мысыр арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 161,2 млн. АҚШ долл. құрады (экспорт - 23,7 млн. долл., импорт - 137,5 млн. долл.). 2022 жылы сауда көлемі 150,3 млн. долл., 2021 жылы - 80,4 млн. долл., 2020 жылы - 84,3 млн. долл. құрады.
Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) жұмыс істейді. ҮАК-тың қазақстандық бөлігінің тең төрайымы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Г.Балаева және мысырлық бөлігінің тең төрайымы – МАР Халықаралық ынтымақтастық министрі А.Әл-Машат. ҮАК 5-отырысы 2017 жылы 8-9 наурызда Каирде өтті.
2007 жылы Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесі құрылды. Кеңестің IV отырысы 2016 жылғы ақпан айында МАР Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Астанада өтті.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
2023 жылғы 5 маусымда Каирде Сұлтан Бейбарыстың 800-жылдығын мерекелеу аясында оның атындағы ежелгі мешіттің ашылу салтанаты өтті. Мешітті қалпына келтіруге қазақстандық тарап өзінің қаржылық және сараптамалық үлесін қосты. ҚР Президенті атынан аталған салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев қатысты.
Алматы қаласындағы Мысыр ислам мәдениеті «Нұр-Мүбарак» университеті білім беру саласындағы маңызды бірлескен жоба болып табылады. Университет қазақстандық студенттерге шетелге шықпай білікті теологиялық білім алуға мүмкіндік береді.
Мысыр Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына тұрақты түрде қатысады.